Америкалық сарапшылар 5 жылдан кейін де құнын жоғалтпайтын автокөліктерді атады

Автокөлік – тек қатынас құралы емес, сонымен қатар қомақты инвестиция саналады. Алайда әр көлік жыл өткен сайын құнын жоғалтатыны анық. АҚШ-тағы беделді Kelley Blue Book (KBB) агенттігінің зерттеуіне сәйкес, небәрі бірнеше модельдің бағасы ғана 5 жыл өткен соң, бастапқы бағасына жақын деңгейде қала алады. 2025 жылғы зерттеуде құнын ең жақсы сақтайтын 10 автокөлік тізімі жарияланды. Талдауға сүйенсек, бұл көліктер жүргізушіге жайлылық сыйлап қана қоймай, уақыт өте келе қаржылық жағынан да тиімді шешімге айналады.
Құнның сақталуы неге маңызды?
Көптеген жүргізушілер жаңа көлік сатып алғанда, оның бағасына, дизайнына, брендінің беделіне мән береді. Алайда болашақта көлік құнының сақталуы – өте маңызды фактор. Орта есеппен, көлік алғашқы 5 жыл ішінде өзінің бастапқы құнының 50-60 пайызын жоғалтады. Ал Kelley Blue Book тізіміне енген көліктер тек 36-46 пайыз ғана арзандайды.
Мысалы, 40 000 доллар тұратын көлік 5 жылдан кейін 25 000 доллар шамасында сатылуы мүмкін. Егер ол осы тізімдегі модель болса, әрине. Ал басқа көлік сол мерзімде небәрі 16 000 доллар тұруы мүмкін. Бұл шамамен 9 000 доллар айырмашылық, яғни нақты қаржылық шығын немесе үнем.
5 жылдан кейін де бағасын жоғалтпайтын ТОП-10 көлік
Kelley Blue Book-тың 2025 жылғы ресми тізіміне енген үздік ондық мынадай:
- Toyota Tacoma
АҚШ-та ең құнды пикаптардың бірі. Бұл модель 5 жылдан кейін де бастапқы бағасының 64,1% сақтап қалады.
2. Chevrolet Corvette
Атақты спорткар – әрі қуатты, әрі инвестициялық тұрғыда ұтымды. Құнының 61% сақталады.
3. Toyota Tundra
Толық өлшемді пикап, 5 жылдан кейін бастапқы бағасының 60,9%-ы шамасында тұрады. Мықты, сенімді, ұзақ қызмет етеді.
4. Toyota 4Runner
Рамалық негіздегі жол талғамайтын көлік. Құнының 60%-ын сақтап қалады. –
5. Ford Bronco
Соңғы жылдары жаңартылып, ерекше танымал болған модель. Құнының 57%-ын сақтайды.
6. Mercedes-Benz G-Class
Премиум санаттағы жол талғамайтын көлік. Халық аратында «Гелик» деген атаумен танымал. Бастапқы бағасының жоғары болуына қарамастан 5 жылдан кейін 56,6% құнын сақтайды.
7. Honda CR-V
Ыңғайлы әрі үнемді кроссовер. Құнының 54,4%-ын сақтап қалады.
8. Toyota RAV4
Әлем бойынша ең танымал кроссоверлердің бірі. 5 жылдан кейін құнының 53,9%-ы шамасында сатылады.
9. Porsche 911
Классикалық спорткар. Уақыт өте де құндылығы төмендемейді – 53,8% сақтайды.
10. Toyota GR Supra
Toyota мен BMW-ның бірлескен спорткупесі. 5 жылдан соң 53,7% бағасын сақтайды.
Бұл көліктер неге құнды болып қала береді?
Бренд беделі:Toyota, Honda және Porsche – сенімділік, ұзақ мерзімділік пен нарықтағы тұрақты сұраныспен танымал маркалар. Мұндай көліктер қайталама нарықта да жоғары сұранысқа ие.
Шектеулі шығарылым:Chevrolet Corvette, Mercedes G-Class және Porsche 911 – эксклюзивті модельдер. Бұл фактор олардың құнын төмендетпейді.
Қызмет көрсету шығыны төмен:Honda CR-V, Toyota RAV4 және Tacoma – техникалық қызмет көрсетуде үнемді. Бұл да олардың нарықтағы құндылығын сақтауға көмектеседі.
Ford Bronco мен Supra сияқты көліктер тек техникалық сипаттамасымен емес, ерекше дизайны мен «аңызға айналған» беделімен де тартымды.
Тұтынушылар үшін маңызды факторлар
Егер сіз көлікті 4-5 жылдан соң сатуды жоспарласаңыз, құнын сақтайтын модельді таңдағаныңыз жөн. Бұл қомақты қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай көліктерге лизинг пен несие беру шарттары жиі жеңілдетіледі, себебі олардың нарықтық бағасы ұзақ сақталады.
Салалар бойынша үздік модельдер:
- Орташа пикап – Toyota Tacoma
- Толық өлшемді пикап – Toyota Tundra
- Шағын кроссовер – Honda CR-V
- Жол талғамайтын көлік – Toyota 4Runner
- Премиум жол талғамайтын көлік – Mercedes-Benz G-Class
- Спорткар – Chevrolet Corvette
- Жалпы үздік бренд – Toyota (10 санаттың 5-інде жеңімпаз)
Көлік таңдау кезінде тек сыртқы дизайны немесе брендке емес, бағасына да назар аудару маңызды. Toyota, Honda, Ford және Porsche – тек сапалы ғана емес, қаржылық жағынан тиімді шешім. Егер сіз автокөлікке инвестиция ретінде қарайтын болсаңыз, KBB ұсынған рейтингке назар аударуға болады.
Еске сала кетсек, Жапонияның Жол қауіпсіздігі агенттігі (National Agency for Automotive Safety & Victims’ Aid) сенімді көліктер тізімін жариялады. Токиода өткен салтанатты жиында 2024 жылдың ең қауіпсіз көлігі болып Toyota Crown танылған еді.