Астана су қоймасы жарты ғасырдан кейін алғаш рет тазартыла бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Астана су қоймасының тазартылмағанына жарты ғасырдан асқан / фото: су министрлігі
Астана су қоймасының тазартылмағанына жарты ғасырдан асқан / фото: су министрлігі

Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартыла бастады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, су қоймасын тазартуға арнайы екі техника бөлінген. Олардың бірі сағатына 2 мың текше метрге дейін түрлі шөгіндіні арши алады. Бұған қоса, мұнда қуаты сағатына 900 текше метрге дейін жететін шағын снаряд жұмыс істейді.

«Президент тапсырмасын орындау үшін арнайы мамандар тобы құрылды. Барлық қызметкер арнайы техникамен жұмыс істеу үшін қажетті оқытудан және дайындықтан өтті. Астана су қоймасы – елорданы сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын стратегиялық нысан», – деді су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов.

Биыл Астана су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Жұмыс қазан айының соңына дейін жалғасады. Қойма 13 жыл бойы тазартылады.

Соның арқасында Астана су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге артады. Нысан көбірек су жинап, астана тұрғындарын сумен қамтамасыз етеді.

Астана су қоймасы 1970 жылы пайдалануға берілген. Нысан түбі шөгінділерден алғаш рет тазартылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз