Абай облысының тұрғындары қаржы пирамидасына баспанасын салып жіберген

Абай облысының тұрғындары Rakhat0425 қаржы пирамидасына 790 млн теңгені салып жіберген. Пирамида ұйымдастырушылар 30 пайыздық дивиденд уәде еткен. Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Тергеу мәліметіне сәйкес, ұйымдастырушылар азаматтарға мемлекеттік сатып алуға қатысы бар жалған инвестициялық жобаны ұсынып, 30% көлемінде пайда (дивиденд) уәде еткен. Осы уәдеге сенген 350-ден астам адам жалпы сомасы 790 млн теңгеден астам қаржысын салған.
Оған қоса, күдіктілер кейбір азаматтарды пәтерін нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен бағамен беруге көндірген. Кейін бұл жылжымайтын мүлік үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, «инвестициялық жарна» ретінде көрсетілген.
Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынып, тағы бір адамға үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр. Ал ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс бойынша басқа мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Бұған дейін халық 21 млрд теңге құйған «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшысы қамалған.