Ресейдің зымыранына қарсы қорғанысты 400%-ға арттыру керек – НАТО Бас хатшысы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
НАТО Бас хатшысы Рюттенің пікірінше, бұл «аспаннан үрей сеуіп отырған» Ресейге қарсы тұру үшін қажет / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
НАТО Бас хатшысы Рюттенің пікірінше, бұл «аспаннан үрей сеуіп отырған» Ресейге қарсы тұру үшін қажет / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Ресейден қорғану үшін әуе және зымыранға қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін 400%-ға арттыруға шақырды.

 Le Figaro ақпаратына қарағанда, ол бүгін Лондонда өтетін конференцияда сөйлеуі қажет.

«Ресей аспаннан үрей сеуіп отыр»

«Біз ұжымдық қорғанысымызда серпіліс жасауымыз керек (…) Шындығында, Украинадағы соғыс аяқталса да, қауіп жойылмайды», – дейді НАТО Бас хатшысы.  

Марк Рютте НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс қабілеттерін 400%-ға арттыруға шақырып отыр. Өйткені, оның пікірінше, бұл «аспаннан үрей сеуіп отырған» Ресейге қарсы тұру үшін қажет. Бұл ұсынысын ол Chatham House сараптамалық орталығында өтетін іс-шарада айтпақ.

Марк Рютте 24-25 маусымда Гаагада өтетін НАТО саммиті алдында сөзін жеткізбек.

Дональд Трамптың қысымы

«Украинада Ресейдің аспаннан үрей сеуіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біз әуе кеңістігімізді қорғайтын қалқанымызды күшейтуіміз керек», – деп қосымша атап өтеді Рютте.

Оны дүйсенбі, 9 маусым күні Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Даунинг-стритте қабылдайды.

Бұл кездесу АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың Еуропалық одақ елдері мен Канадаға ішкі жалпы өнімінің кемінде 5%-ын қорғанысқа бөлу туралы талабымен тұспа-тұс келіп отыр. Әйтпесе, Трамп олардың өз қауіпсіздігінен айырылуы мүмкін екенін ескертті.

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет 4 маусымда Брюссельде одақтастардың осы мақсат бойынша келісімге жақындағанын айтты. Бұл шешім Гаага саммитінде ресми түрде бекітілуі мүмкін.

Мыңдаған бронетехника мен танк қажет

НАТО Бас хатшысы Марк Рютте табысқа жету үшін 5 пайыздық жалпы сан ұсынды. Бірақ ол екі түрлі шығынды қамтуы тиіс. Сондай-ақ НАТО армияларына «мыңдаған қосымша броньдалған техника мен танк, миллиондаған артиллериялық снаряд» қажет екенін айтады.

Сонымен қатар ол Ұлыбританияның өткен аптада таныстырған жаңа қорғаныс стратегиясын құптады. Бұл стратегия, оның айтуынша, «НАТО-ның ұжымдық қорғанысын нығайтады».

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Ресейден төнген «қауіпке» жауап ретінде елді қайта қаруландыру үшін он екі ядролық соққы беретін сүңгуір қайық және алты оқ-дәрі өндіретін зауыт салынатынын жариялады.

Мұның алдында Путин Батыс көшбасшыларынан Украинаның НАТО-ға кірмейтініне жазбаша уәде алғысы келгені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз