Қорғаныс министрлігін басқарғандар несімен есте қалды

Қазақстанда қорғаныс министрі ауысты. Бұл қызметті 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарған Руслан Жақсылықов лауазымынан босатылып, орнына Дәурен Қосанов тағайындалды. KursivMedia қазірге дейін кімдердің қорғаныс министрі болғанын, кімдердің сотталып, кімнің қызметтен қуылғанына шолу жасады.
Серік Ахметов
Сотты болған премьердің бірі – Серік Ахметов. Ол 2006 жылдың қыркүйегінде Көлік және коммуникациялар министрі болып тағайындалған. Содан кейін премьер-министрдің орынбасары болған.
Ахметов 2009 жылы Қарағанды облысының әкімі, араға үш жыл салып, премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.
Ал 2012 жылдан 2014 жылдың сәуіріне дейін Үкіметті басқарды. Серік Ахметов сол жылдың қазанында қамауға алынды. Ол кезде қорғаныс министрлігін басқарып тұрды.
2015 жылдың 11 желтоқсанында Серік Ахметов сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қарағанды облысы сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыда сот тағайындаған 10 жылдың орнына Серік Ахметовтің жазасын 8 жыл деп өзгертті. Ол 2017 жылы бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырып, бостандыққа шықты.
Мұрат Бектанов
Мұрат Бектанов 2021 жылдың 31 тамызында қорғаныс министрі болып тағайындалған. Ол 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылды.
Ал сол жылдың 20 ақпанында Бектанов қылмыс жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оған Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Бір жылдан кейін, яғни 2023 жылы осы әрекеті үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сәкен Жасұзақов
2019 жылдың тамызында бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Қарулы күштері жүйесінен шығарылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Ол қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін әскер қатарынан қуылды.
Сәкен Жасұзақов 2016-2018 жылдары қорғаныс министрі болған.
Айта кетейік, 2018 жылдың 24 маусымында Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімге тиесілі қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты. Ал жарылысқа байланысты 15 әскери сотқа тартылды.
«Өмір деген жизнь…»
2025 жылдың 8 маусымында қызметінен босатылған Руслан Жақсылықов «өмір деген жизнь», «ұнамаса, көшіп кет» деген мәлімдемесін есте қалды.
Айта кетейік, Жақсылықов қорғаныс министрі болып тұрған тұста әскердегі әлімжеттік туралы сұраққа«өмір деген жизнь» деп жауап берген.
«Өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады. Мен сіздерге бір ғана нәрсе айтқым келеді: адамдармен жұмыс істейтіндер бұл өмірде ештеңеден сақтандырылмаған. Алайда Қарулы күштер басшылығы мұндай жағдай болмауы үшін барлық шараны қолға алып жатыр», – деген Жақсылықов.
Ал қазақ тілінде сөйлеп-сөйлемейтініне қатысты жауабында Жақсылықов «қазақта бір мақал бар: өкпелесең, көшіп кет» деп жауап қайырған.
Дәурен Қосанов туралы не белгілі
Жаңадан тағайындалған Дәурен Қосанов 1969 жылы Павлодар облысы Краснокут ауданы Новотроицкое ауылында туған.
2022 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Қарулы күштерінің әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалған.
«Әскери ұшқыш мерген», II дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік ерігі үшін» медалімен марапатталған.
2024 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болды.