2025 жылы мұнайдан түсетін табыс қысқарды

Биыл қазақ мұнайының экспортты қысқарды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, Азия мен Америка нарықтарының жабылуы еліміздің экспорттық географиясын тарылтып, Еуропаға тәуелділікті күшейтті.
2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның мұнай экспорты 21,3 млн тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12%-ға азайып отыр. Экспорт көлемінің төмендеуімен қатар, одан түскен табыс та 19%-ға қысқарып, 11,9 млрд долларды ғана құрады.
Кейбір елдер қазақ мұнайынан бас тартты
Биыл Қазақстаннан мүлде мұнай сатып алмаған елдердің тізімі айтарлықтай ұзарып отыр. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Үндістан, Ұлыбритания, Бруней, Хорватия, Израиль және Польша бар. Бұл елдер 2024 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстаннан шамамен 2 млн тонна мұнай импорттаған болатын. Бұл сол кездегі жалпы экспорттың 8,4%-ын құраған.
Негізгі сатып алушылар импортты қысқартты
Қазақстан мұнайының ірі тұтынушылары да сатып алу көлемін күрт төмендетті. Мәселен, Қытай Қазақстаннан мұнай импортын 72%-ға қысқартса, Сингапур — 65%-ға, АҚШ — 58%-ға, ал Швейцария 26%-ға азайтты. Бұл елдерге 2024 жылы 3,7 млн тонна мұнай экспортталса, биыл небәрі 1,5 млн тонна ғана жеткізілген. Сәйкесінше, олардың экспорттағы үлесі 15,2%-дан 7,2%-ға дейін төмендеді.
Жаңа нарық ашылғанымен, үлесі аз
Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру мақсатында жаңа нарықтарға шыға бастады. Мәселен, 2025 жылы алғаш рет Мысырға — 205 мың тонна, Багам аралдарына — 97 мың тонна, Ирландияға — 20,6 мың тонна мұнай жіберілген. Алайда бұл көлемдер экспорттың жалпы ауқымында мардымсыз болып отыр және жалпы картинаны өзгерте алмайды.
Қазіргі таңда Қазақстан мұнайы негізінен Еуропа елдеріне экспортталуда. 2025 жылдың алғашқы төрт айындағы деректерге сәйкес, ең ірі тұтынушы — Италия (9,6 млн тонна, былтырмен салыстырғанда -4%). Бұған дейін Қазақстан Италияға мұнай экспортын арттыруға ниетті екенін білдірген.
Одан кейін Нидерланд (2,5 млн тонна, +17%), Франция (1,8 млн тонна, -7%), Грекия (1,6 млн тонна, +25%), Румыния (1,5 млн тонна, +15%) және Испания (0,98 млн тонна, +92%) тұр.
Егер өткен жылы Қазақстан мұнайының 78%-ы Еуропаға жөнелтілсе, биыл бұл көрсеткіш 90%-ға дейін артқан. Бұл — елдің экспорттық географиясының айтарлықтай тарылып бара жатқанын көрсетеді.
Экспорт көлемі жағынан сөзсіз көшбасшы – шикі мұнай. Қазақстан дәстүрлі түрде мұнай экспорттаушы ел ретінде танымал. Бұл өнім жалпы экспорттың едәуір бөлігін қамтамасыз етіп, ел бюджетіне тұрақты кіріс көзі болып отыр.