«Алтыналмас» компаниясы «Майқайыңалтынды» 6 млрд теңгеге сатып алған

«Алтыналмас» 2024 жылы «Майқайыңалтын» компаниясын 6,6 млрд теңгеге сатып алған. Бұл туралы компания есебінде жазылған. «Майқайыңалтын» – Павлодар облысында орналасқан алтын кен орындарын игерумен айналысатын кәсіпорын.
«Майқайыңалтынды» сатып алу кезінде оның таза активтері 17,9 млрд теңге деп бағаланған. Ал нақты есепке алынған таза активтер құны 17,6 млрд теңге болған. Сонымен қатар жаңа еншілес компаниямен бірге 6,6 млрд теңге көлеміндегі қарыз да «Алтыналмас» компаниясына өткен.
Алайда бұл келісімнен кейін «Алтыналмас» 11,8 млрд теңге шығынға ұшыраған. Бұл шығын сатып алу құны мен алынған активтердің арасындағы айырмашылықпен байланысты.
Таза пайдасы қанша?
Былтыр компания салық салынғанға дейінгі таза пайдасын 170,4 млрд теңгеге жеткізген. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы пайдасынан 2,2 есе жоғары (2023 жылы – 75,8 млрд теңге).
«Алтыналмас» жариялаған қаржы есепке сәйкес, операциялық қызметтен түскен таза ақша ағыны жыл қорытындысы бойынша 292,1 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 151,2 млрд теңгеге артық (2023 жылы – 140,9 млрд теңге).
Активтер құрылымы
2024 жылдың соңында «Алтыналмас» компаниясының жалпы активтері 784,8 млрд теңгеге жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 52,9 млрд теңгеге көп.
- Ұзақ мерзімді активтер – 470,6 млрд теңге (2023 жылы – 469,1 млрд)
- Қысқа мерзімді активтер – 314,2 млрд теңге (2023 жылы – 262,8 млрд)
Қысқа мерзімді активтер құрылымында дебиторлық берешек пен қысқа мерзімді берілген қарыздар айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, қысқа мерзімді қарыздар көлемі бір жылда 67,7 млрд теңгеге дейін ұлғайған (2023 жылы болмаған).
2024 жылы компания инвестициялық қызметтен таза -118,3 млрд теңге ақшалай шығын алған. Бұл шығындардың басым бөлігі негізгі құралдарды сатып алуға (56,9 млрд теңге) және қарыз беруге (61,6 млрд теңге) жұмсалған.
Былтыр «Алтыналмас» алғаш рет топ-менеджментке акция түрінде сыйақы беру тәжірибесін енгізді. Осы мақсатта 21,3 млрд теңге бөлінді. Бұл сома қызметкерлерге ұзақмерзімді мотивация жүйесін енгізуге бағытталған.
Компания иесі кім?
2024 жылдың соңындағы есеп бойынша, «АК Алтыналмас» АҚ-ның негізгі иесі – Gouden Reserves B.V. (Нидерландта тіркелген компания). Ол «Алтыналмас» компаниясының 67,5% дауыс беретін акцияларына иелік етеді. 25 пайызы Владимир Жұманбаевқа тиесілі болса, 10 пайызы өзге жеке тұлғалардың меншігінде.
Компанияның түпкілікті бенефициарлық иесі – AO Trustee Pte Ltd, ол AO Family Trust атынан әрекет етеді.
«Майқайыңалтынды» Кипрдің Rence Enterprises LTD компаниясы басқарған. 2024 жылы компанияның ірі кеніштерінің бірінде апан болып автобус жарға құлап кеткен.