Су шаруашылығы саласындағы қызметкерлер жалақысы 50%-ға өседі

Су саласындағы қызметкерлердің жалақысы 50%-ға дейін өседі. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрлігінен хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістерден кейін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы көтеріледі. Еңбек ақы орта есеппен 35–50%-ға өсіп, жылу энергетикасы мен электр энергетикасы салаларындағы мамандардың жалақысына жақындайды.
«Статистикалық деректерге сәйкес, жылу және электр энергетикасы салаларындағы орташа жалақы 330 мың теңгені құрайды. Ал су шаруашылығында – 231 мың теңге. Айырмашылық айтарлықтай. Қабылданған түзетулер ел дамуы үшін аса маңызды салалардың бірі – су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министрлік өткен жылы «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өскенін еске салды.
Осыған дейін Нұржан Нұржігітов Қазақстанның су саласын дамытуға 12 млн доллар тартылғанын хабарлаған еді. Қаражат шетелдің қаржы институттары мен қорлардан, елдегі компаниялардан тартылған. Оның ішінде су тасқынына қарсы шараларды жақсарту үшін Жапония 2 млн доллар грант беретін болды.