Иран қарымта шабуылға көшті: Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшты

Израиль әскерилерінің мәлімдеуінше, Иран бірден қарымта шабуылға көшті. Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшты. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
«Бүкіл қорғаныс жүйесі қауіпті сейілтуге қосылды. Бұл оқиға бұған дейінгі қиын сәттерден бөлек. Бізге ауыр сағаттарды еңсеруге тура келеді. Жігер мен шыдамдылық таныту қажет», — деп мәлімдеді Израиль қорғаныс армиясының өкілі Эффи Дефрин.
Бұған дейін Тель-Авив Иранның қарымта шабуыл жасайтынын біліп, елде төтенше жағдай жариялаған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранға жасалған әскери операцияны «Адуынды арыстан» деп атаған.
Осының алдында Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи мұсылмандар үшін қасиетті жұма таңсәрісінде шабуыл жасаған Израиль «сазайын тартады» деп мәлімдеген.
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді.