Израильдің Астанадағы елшілігі уақытша қызмет көрсетпейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Израильдің Астанадағы елшілігі уақытша жабылды / фото: gov.kz
Израильдің Астанадағы елшілігі уақытша жабылды / фото: gov.kz

13 маусымда Израильдің бүкіл әлемдегі дипломатиялық миссиялары уақытша жабылды. Оның Астанадағы елшілігі де уақытша қызмет көрсетпейді.

Осыған байланысты Израильдің Қазақстандағы елшілігі сайтында бір сөйлемнен тұратын ескерту жарияланды. Айта кетейік, Астанадағы елшілік Қазақстан ғана емес, Қырғыз Республикасына да дипломатиялық қызмет көрсетеді.

«Кейінгі оқиғаларға байланысты Израильдің бүкіл әлемдегі миссиялары жабылады, бұған қоса консулдық қызмет көрсетілмейді», – деп жазылған Астанадағы елшілік сайтында.

Бұл шектеу қанша уақытқа созылатыны, елшілік қайтадан қашан ашылатыны туралы мәлімет жоқ.

Сонымен бірге, дипломатиялық миссия сайтында Израильдің шетелде жүрген азаматтарына қатысты ақпарат жарияланған. Олар нақты қай елде жүргенін, қазіргі жағдайын онлайн-форма көмегімен толтыруы керек.

«Төтенше жағдай немесе қайғылы оқиға бола қалған жағдайда, тез арада министрлік орталығына хабарласыңыз», – деп ескертті Израиль дипмиссиясы.

Бұған қоса, сайтта азаматтың жеке қауіпсіздіге байланысты тағы бірнеше кеңес берілген.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Көп кешікпей Иран бірден қарымта шабуылға көшкені мәлім болды. Тегеран Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшырды.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді

Сондай-ақ оқыңыз