Гренландияны күшпен басып алу жоспары бар – АҚШ Қорғаныс министрлігі

АҚШ қорғаныс хатшысы Пит Хегсет Гренландия мен Панаманы «қажет болған жағдайда күшпен алуға» арналған жоспарлардың бар екенін мойындады.
Telegraph ақпаратына қарағанда, ол Конгресс тыңдауы кезінде демократ Адам Смитпен қызу пікірталас кезінде айтқан. Хегсет:
Бізде жоспарлар бар
«Біздің міндетіміз – кез келген жағдайға дайын болу. Бізде жоспарлар бар,» – деп мәлімдеді.
Республикалық конгрессмен Майк Тёрнер қорғаныс хатшысынан нақтылап сұрағанымен, Хегсет жауаптан жалтарып, тек «бізде түрлі сценарийлерге арналған жоспарлар бар» деп қайталады.
Трамптың мәлімдемесі
Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп «Гренландияны АҚШ-қа қосу ниетті» екенін бірнеше рет ашық айтқан еді. Трамп 2019 жылы Даниядан Гренландияны сатып алғысы келген. Бірақ онысы сәтсіз аяқталды.
Соңғы кезде Трамп пен оның жақтастары аралға қайта назар аударып отыр. Трамптың ұлы биыл Гренландияға сапарлап барып, жергілікті тұрғындармен кездескен.
Саудаға салынған арал
Ал вице-президент Джей Ди Вэнс Гренландиядағы АҚШ әскери базасында:
«Біз бұл аумақты қауіпсіз ете аламыз. Дания бұл жерде өз міндетін атқармады», – деген болатын.
Гренландияның АҚШ-тағы өкілі Якоб Исбосетсен «Греландия сатылмайды» деп бұған қысқаша жауап берген еді.
Гренландияның жаңа премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ президентіне қатқыл жауап берген еді.