Дмитрий Баландин жаңа қызметке тағайындалды

Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет мәліметінше, Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының кезектен тыс конференциясында ұйымның бас хатшысы болған Сергей Дроздов өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеген. Бұдан кейін конференция қатысушылары бірауыздан Баландиннің кандидатурасын қолдаған.
«Дмитрий Баландиннің тағайындалуы – оның спорттағы орасан зор жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар федерацияны жаңғырту мен институционалдық тұрғыдан нығайтудың маңызды қадамы. Біз оның кәсібилігі мен беделі еліміздегі су спорты түрлерінің дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз», – деп мәлімдеге су спорты түрлері федерациясының президенті Нұрлан Жақыпов.
Дмитрий Баландин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылы Риода өткен Олимпиадада чемпион атанып, Қазақстанның туын көкке көтерді. Бұдан бөлек, Азия ойындары мен өзге халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 2021 жылдан бастап спорт шебері жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырумен айналысады.