Израиль-Иран қақтығысы қалай өрбуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Израиль-Иран қақтығысы қалай өрбуі мүмкін, үлкен соғысқа ұласа ма
Израиль-Иран қақтығысы қалай өрбуі мүмкін, үлкен соғысқа ұласа ма/Фото: The Associated Press

Франциялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Клод Монике Euronews тілшісіне берген сұхбатында Израиль шабуылы Таяу Шығыстағы күш теңгеріміне зор өзгеріс әкелгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, алдағы күндері Еуропадағы израильдік және америкалық мүдделерге қауіп төнуі мүмкін.

Осы аймаққа қатысты бірнеше кітап жазған тәуелсіз сарапшы Моникенің айтуынша, Иран израильдіқ соққылар кезінде орасан зор әскери шығынға ұшырап, енді жауабындағы әрекеттері өте шектеулі болуы мүмкін.

«200-ден астам ұшақ қатысып, 300 соққы жасалып, 100 нысан атқыланып, кем дегенде 12-15 ирандық басшы жойылған операция жай ғана кішігірім әрекет емес. Бұл – соғыс актісі. Израильдіктер 25 жыл бойы Иранның ядролық бомбаға ие болуына жол бермейтіндіктерін айтып келді әрі Иранға бірнеше рет ескерту жасалды», – деген Монике.

Иран әскeр жағынан зор шығынға ұшырады

Сарапшының айтуынша, Иран енді төрт әдіс арқылы ғана әрекет етуі мүмкін.

Оның біріншісі – Израильге қарай пилотсыз ұшқыштарды аттандыру.

Екіншісі – Иемендегі хуситтер сияқты проксилер арқылы соққы беру.

Моникенің айтуынша, үшінші әдіс ретінде Иран «лаңкестік әдістерді» пайдалануы мүмкін.

Соңғы әдіс ретінде Ормуз бұғазын жабу қаупі айтылып жатыр. Егер Иран аталған жолды таңдаса, Еуропа үшін апатты жағдай туындайды.

«Иран толыққанды соғыс бастай ала ма деген сұраққа келсек, израильдіктер аймақта әуе үстемдігіне ие. Иран әскерінде жүйелі тәртіп жоқ», – деді сарапшы.

Жағдай Таяу Шығысты түбегейлі өзгертуі мүмкін

Моникенің айтуынша, Израиль ұзақ жыл бойы аймақта «Хезболла» және ХАМАС сияқты Иран проксилеріне соққы беріп келді. Алайда енді жасалған соққы күш теңгерімінде терең өзгерістерге алып келуі мүмкін.

«Иран өте ауыр әскери соққыға ұшырады. Алайда «Хезболла», ХАМАС және Йемендегі көтерілісшілердің артындағы негізгі күш – Иран. Егер Израиль әрекеттерін тереңдете түссе, Таяу Шығыстың геосаяси картасы толықтай өзгеруі мүмкін», – деді Монике.

Сарапшы сонымен қатар мұндай оқиға Иран халқындағы көтерілістерге де жол ашып, олардың басшылыққа қарсы шығуына себеп болуы мүмкін деген болжам айтты.

Еуропада израиль мүдделеріне қауіп төнуі мүмкін

Моникенің айтуынша, аталған қақтығыс Еуропа үшін де қауіпті болуы мүмкін.

«Иран «Хезболла» немесе Лондонда жақында ұсталған топқа ұқсаған топтарды пайдаланып, Еуропада соққы бере бастауы мүмкін. Еврей қауымдары, израильдік дипломатиялық және сауда мекемелері, израильдіқ кемелер және ұшақтары, сонымен қатар америкалық мүдделер де енді қауіптің астында болуы мүмкін», – деді ол.

Еуропа аймақтағы беделінен айырылып жатыр

Сарапшы Еуропаның аймақтағы рөлі де әлсіреп бара жатқанын айтты.

«Футбол тілінде айтқанда, Еуропа енді алаңдағы ойыншы емес, жай ғана орындықта отыр. Америка мен Иран кездесу өткізіп жатыр, Еуропа ойыннан тыс қалды. Еуропа Газадағы немесе Ливандағы соғысқа қатысты негізгі дипломатиялық кездесулерге де қатысқан жоқ», – деді Монике.

Оның айтуынша, Еуропаның беделі төмендеуіне негізгі себеп – әскери әлеуеттің әлсіреуі.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Көп кешікпей Иран бірден қарымта шабуылға көшкені мәлім болды. Тегеран Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшырды.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз