Қытай компаниясы келесі АЭС құрылысындағы консорциумға жетекшілік етеді

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Қытай компаниясы келесі АЭС құрылысындағы консорциумға жетекшілік етеді/Фото: СNNC

Қытайдың China National Nuclear Corporation компаниясы Қазақстандағы келесі атом электр стансасын салатын консорциумның басшысы ретінде таңдалуы мүмкін. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік таратқан хабарламада айтылған.

Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, алдын ала іріктеуден өткен қатысушылардың барлығының теңдесі жоқ технологиялары бар. Алайда Қытай Халық Республикасының және Ресейдің ұсыныстары ең мықты болған.

«Атом саласында ҚХР-мен әріптестік туралы жеке бас келісімге қол қою жоспарланып жатыр. Жаңа АЭС құрылысын салуда Қазақстанда қытайлық технологиялар қолданылғанын қалаймыз. Әлемде толық атом цикліне өз күшімен қауқарлы мемлекеттер өте аз. Қытай – қажет технологиялар мен өндірістік базасы толыққанды қалыптасқан мемлекеттердің бірі, сондықтан келесі негізгі басымдық – ҚХР-мен әріптестік», – дейді Алмасадам Сәтқалиев

Агенттік басшысы қытай тарапымен тиісті келіссөз өткізілетінін атап өткен.

«Бізде өте жоғары деңгейдегі уағдаластықтар бар. Қытай тәжірибесін қабылдағымыз келді, олар құрылыс жұмыстарын жылдам әрі сапалы атқаратынын түсінеміз және осы бағыттағы жұмыстарды бастадық. Агенттік тиімді консорциум құру жолындағы жұмыстарды атқарады», – деді ол.

Бүгін, 14 маусым күні Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғашқы атом электр станциясын салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтағанын хабарлаған.

Агенттік «Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныс ресейлік «Росатом» компаниясынан келгенін айтып, «Росатом» Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде танылғанын мәлім етті.

Қазақстандағы алғашқы АЭС орны ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы белгіленіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз