Қазақстан мен Қытай жалпы құны 24 млрд доллар болатын 58 келісімге қол қойды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан мен Қытай 58 келісімге қол қойды / Фото: ашық дереккөзден

«Орталық Азия – Қытай» атты инвестициялық форумда қазақ және қытай компаниялары 58 коммерциялық құжатқа қол қойды. Олардың жалпы құны 24 млрд доллардан асады.

Ауыл шаруашылығына қатысты жобалар:

Форум аясында Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша қытайлық Fufeng Group компаниясымен келісімге қол қойылды.

Инвестиция көлемі – 800 млн доллар. Бұл – Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы ең ірі жобалардың бірі, жылына 1 млн тоннаға дейін жүгері өңдеуге мүмкіндік береді. 1500 жұмыс орны құрылып, өңірдегі фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығы ашылады.

Ал Xinjiang Lihua Group Co., Ltd. Түркістан облысында толық мақта кластерін құру жобасын іске асырмақшы.

Инвестиция көлемі – 420 млн доллар. Бұл бастама мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеу мен дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық циклды қамтиды. Жоба аясында он кәсіпорын салынып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті Qingdao Wanlin Food Corporation компаниясымен пиязды дегидрациялау және көкөністерді терең өңдеу зауытын салу бойынша инвестициялық келісімге қол қойды.

Инвестиция көлемі – 89 млн доллар. Өндіріс Қытай, АҚШ және Еуропа нарықтарына экспортқа бағытталмақ. Компания шикізатты сатып алу үшін жергілікті аграршылармен байланыс орнатып үлгерді, ал зауытта шамамен 300 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Dalian Hesheng Holdings компаниясы Ақмола облысында дәнді дақылдарды терең өңдеу кешенін салуға 650 млн доллар инвестиция салмақ. Өндіріс глютен, крахмалдар және басқа да жоғары қосылған құны бар өнімдерді шығаруға бағытталады. Сонымен қатар жергілікті аграршылармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалады.

Алматы облысының әкімдігі мен TBEA Company Limited компаниясы 1000 МВт қуаттылықтағы күн электр станциясы мен трансформатор зауыты құрылысы жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Болашақта инвестор Алатау қаласын сенімді жылумен қамту мақсатында 1320 МВт қуаттылықтағы көмір электр станциясын (ЖЭО) салуды жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция көлемі — 3,7 млрд доллар.

Сонымен қатар China Construction Engineering Corporation, Energy China Group, CITIC Construction, China CAMC Engineering, Huawei, Aladdin Holdings Group, YTO Express және басқа да компаниялармен келісімдерге қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз