Еуропаның мыңдаған тұрғыны туристер легіне қарсы шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Еуропа елдерінің мыңдаған тұрғыны антитуризм наразылық акциясына шықты / фото: REUTERS/Bruna Casas
Еуропа елдерінің мыңдаған тұрғыны антитуризм наразылық акциясына шықты / фото: REUTERS/Bruna Casas

Еуропаның ірі қалаларында антитуризм наразылық акциясы өтті. Мыңдаған адам жылдан-жылға артып бара жатқан туристер легіне қарсы шықты. Бұл туралы Reuters жазды.

Агенттіктің мәліметінше, Оңтүстік Еуропадағы ірі қалаларда мыңдаған адам көшеге шығып, антитуризм акциясын өткізді. Барселона наразылық шеруінің басты орталығына айналды. Мұнда жергілікті тұрғындар су шашатын ойыншықпен дүкендердің көрнекі қабырғаларын атқылап, айналаны түтіндетті.

«Сенің демалысың — менің бас қайғым», «Жаппай туризм қаланы өлтірді», «Олардың ақшақұмарлығы бізді жұтып барады» деп ұрандатты жергілікті тұрғындар.

Туристер легіне қарсы акцияны Испания ғана емес, Италия мен Португалиядағы топтар қолдаған. Испаниядағы акцияға Барселона, Ибица, Малага, Пальма-де-Майоорка, Сан-Себастьян және Гранада қосылған. Ал Италияда Генуя, Неаполь, Палермо, Милан және Венеция қалалары туризмге қарсы шыққан.

1,6 млн тұрғыны бар бір ғана Барселона қаласы 2024 жылы 26 млн турист тартқан. Венеция тұрғындары болса 15 мың орынға арналған екі қонақүй құрылысына қарсы шығып жатыр.

Биыл Еуропаға сапарлаушылар шығыны 11%-ға артып, 838 млрд долларға жетеді деп болжанды. Туристердің дені Испания мен Францияға барады.

Сондай-ақ оқыңыз