Жаркенттегі әскеридің қазасы: сотталушының анасы сұхбат берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дархан Дәулет ісіндегі сотталушы Қазтайдың анасы іске пікір білдірді/фото: kursiv.media

Жаркентте қаза тапқан әскери Дархан Дәулеттің ісіндегі сотталушы Дархан Қазтайдың анасы сұхбат беріп, қылмыстық іске басқа да азаматтардың тартылуы қажет екен деп санайтынын жеткізді.

Істің мән-жайы

Капитан Дархан Дәулет  2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен, сол күні қайтыс болған.

Қылмыстық істегі сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

Дархан Қазтайдың анасы не дейді?

Сотталушы Дархан Қазтайдың анасы өзін Ләззат деп таныстырып, фотосын жариялауға қарсылық білдірді. Сотталушының анасы сотқа қатысу үшін Алматы облысынан елордаға келген. Әйел ұлын кінәсіз санайтынын, қайғылы оқиға болған күні батальон кезекшісі болған Инабат Әбимолданы Астанаға шақыртып жауап алу қажет деп санайтынын айтты.

«Ұлым шамамен бір жарым жыл бұрын Жаркенттегі бөлімге Алматыдан ауыстырылды. Жұмыс өтілі – 17 жыл. Осы аралықта мінсіз қызмет атқарған. Қатардағы солдаттан майор әскери шешіне дейін өз күшімен жетті. Жүрген жерінің бәрінде өзін тек жақсы жағынан көрсетті. «Мінсіз қызметі үшін», «Халық алғысы» марапаттарын алған. Қаңтар оқиғасынан кейін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алды. Осылай қызмет етіп жүрген адам мұндай әрекетке бара ма?», – дейді сотталушының анасы.

Сөзінше, сотталушы Дархан Қазтай тергеуде бар шындықты айтқан. Ол сол күні екі сарбазға отбойдан кейін, бақылау-өткізу пунктіне барып, сарбаздарды, патруль қызметіндегі сарбаздарды көріп келіңдер деп тапсырған.

«Себебі сол жерде қайта-қайта ұйықтап қалған жағдай тіркелген екен. Салдарынан ескерту алып отырған. «Қайтып келе жатқан жолда бөгде адам көрсеңдер, қарсылық көрсететін болса, қолын байлап, казармаға алып келіп, маған хабарласыңдар» деп айтқан. Мұның бәрі жауабында жазылған. Қазір сотқа үш сарбаз бен менің ұлым тартылған. Ұлым сол күні жұмыстан 19:30 шамасында кетіп қалған. Сол күні казармада болған кезекші, оның көмекшісі, тағы бір лейтенант бұл іске куә ретінде шақырылып отыр. Неге олар куә ретінде шақырылады? Олар оқиғаның басы-қасында болған? Неге кезекші сарбаздардың сыртқа шығып кеткенін көрмейді? Сарбаздар «терезеден шықтық» деп отыр. Сонда есік-терезе бәрі ашық тұра ма? Оған бақылау жоқ па? Сарбаздардың қалай шыққанын көрмей, естімей қалған. Сарбаздардың мұндай әрекетке баруына жол бергендердің әрекетіне құқықтық баға берілмей отыр», – дейді сотталушының анасы.

Әйел «ұлымның бұйрығын орындаған болса, неге терезеден емес, есіктен шықпаған» деген сұрақ қойып отыр.

«…Бұл жерде сарбаздар марқұмды байлап кеткенін айтқаннан кейін сержант Инабат Әбимолда ешқандай әрекет жасамған. Бірнеше минуттан кейін досы – сержант Сүйіндік келген. Әбимолда «көріп келші» деп соны жұмсаған. Өзі киімін іздеп жүреді. Оқиға орнына барған Сүйіндік жібін шешіп, «аузындағы қолғапты байқамадым» дейді. Аузындағысын алмай, қайта жүгіріп келеді. Әбимолдаға айтқан соң үшеуі жүгіріп кетеді. Қолғабын алған кезде бақилық болып кеткен. Неге жүгіріп шақырып келеді? Қолында телефон тұр ғой. Бәрі немқұрайлы қараған. Арада қаншама уақыт өтіп кетті. Адамды байлап тастаған, күн суық, аузына қолғап тығып отыр. Менің балам «аяқ-қолын байлап, айдалаға тастап кетіңдер» деген тапсырма бермеген», – дейді әйел.

Сотталушының анасы Дархан Қазтайдың 4 қызы барын, мұндай бұйрықтың заңсыз екенінен хабардар екенін айтып өтті.

«Үш сарбаз «командирдің бұйрығын мінсіз орындадық» деп жатыр. Бұл – қате. Олар 18 жастан асқан, ақыл-есі дұрыс, медициналық тексерістен өткен. Олардың әрекетін ақтауға келмейді. Олар ант қабылдаған, бәрін майорға жабу оларды жауапкершіліктен босатпайды. Менің балам «байлап кет, өлтіріп кет» деп тапсырма бермеген», – дейді сотталушының анасы.

Сөзінше, сотталушы Дархан Қазтай мен Дархан Дәулеттің арасында алауыздық болмаған.

«Кезекші болған әскери неге куә ретінде қатысып жатыр? Сержан Әбимолданы Астанаға алдырып, жүзбе-жүз сұрақ қоюымыз қажет. Бұған дейін онлайн жауап алынды. «Көрген жоқпын» деп жауап беріп отыр. Ол Астанаға келуі керек. Оның ісі неге бөлек тергеліп жатыр? Іс қай сатыда тұр? Екі істі неге біріктірмейді? Екі істі біріктірсе, бәрі анық болады», – дейді Қазтайдың анасы.

Айта кетейік, бұған дейін қайғылы оқиға күні батальон кезекшісі болған Инабат Әбимолда куә ретінде қатысты

Сондай-ақ оқыңыз