2025 жылдың ең үздік жол талғамайтын көліктеріне шолу

Жарияланды
тойота ленд крузер 300
Жол талғамайтын көліктер – үздіктерінің рейтингі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

XXI ғасырда автомобильдер жай діттеген жерге жетуге көмектесетін құрал емес, сонымен қатар еркіндіктің символына айналды. Әсіресе, жолы жоқ, тау таспен жүруді ұнататындар үшін – жол талғамайтын көліктер (SUV немесе 4×4) ең жақсы серік. Олар тек қалалық жайлылықпен шектелмей, табиғатқа, тауға, шөлге, орманға барып, саяхаттауға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай жерлерге қатынау бұл сән емес, сынақ деуге болады. Сондықтан шын мәнінде осы мақсатқа лайық техниканы таңдай білу маңызды.

U.S. News & World Report – халықаралық автокөлік сараптамалық агенттігі жыл сайынғы рейтингтерінде түрлі 4×4 модельдерді техникалық сипаттамалары, сенімділігі және жолсыз жерлердегі нақты сынақтар бойынша бағалайды. Біз осы тізімдер мен әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, 2025 жылы ең танымал және тиімді деп танылған жол талғамайтын көліктерге шолу жасадық.

Жол талғамайтын көліктердің аңызы

Jeep Wrangler Rubicon – жол талғамайтын көліктер арасындағы эталон болып қала береді. Ол әртүрлі жағдайларға бейімделе алуымен ерекшеленеді. Rubicon X және Rubicon 392 үлгілері жетілдірілген аспа жүйесі мен трансмиссиясымен жабдықталған, бұл оларға мүлде асфальты жоқ жолдарда еш кедергісіз жүру мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, Wrangler көптеген жеке баптау мүмкіндіктерін ұсынады. Сондықтан аталған авто белсенді демалысты ұнататындар үшін тамаша таңдау саналады.

Халықаралық таңдау, себебі U.S. News агенттігі Jeep Wrangler Rubicon-ды 2025 жылғы ең үздік жол талғамайтын көлік деп атады.

Экстремалды саяхаттарға арналған оффроуд-көлік

Ford Bronco Raptor – қайта жаңартылған жол талғамайтын көлік. Тау мен тас, қала сыртына сапарларды ұнататындар үшін таптырмас нұсқа. Темір тұлпар HOSS 4.0 аспа жүйесі мен қуатты 3,0 литрлік турбо EcoBoost V6 қозғалтқышымен жабдықталған. Нәтижесінде басқару қабілеті жетілдіріліп, қуатты автоға айналды. 2025 жылғы үлгілерінде қосымша жаңартулар бар: Атап айтқанда дисплейі үлкенірек және аудиожүйесі де жақсара түсті.  

Аңыздың қайта оралуы

Toyota Land Cruiser қайта жаңартылып, 2024 жылдың соңында таныстырылды. 250 сериялы нұсқасы (кейбір нарықтарда Prado) қуаттырақ, жеңіл әрі цифрлық платформаларға бейімделген. Land Cruiser 250 сериясы толық жетекті жүйемен жабдықталып, ұзақ сапарлар мен қиын табиғи жағдайларға төтеп бере алады. Қуатты қозғалтқыштар мен жетілдірілген аспа жүйесі арқасында ол тау-тасты, орманды және шөлейт аймақтарда сенімді серік болуға әзір. Сонымен қатар, жаңа Land Cruiser-де заманауи мультимедиялық жүйелер мен қауіпсіздік технологиялары енгізілген, бұл оны жайлы әрі функционалды етеді.

J.D. Power және Consumer Reports зерттеулері Land Cruiser моделін сенімділігі мен ұзақ қызмет етуі бойынша бірнеше жыл қатарынан көшбасшы деп атады.

Британдық инженерия көрінісі

Land Rover Defender 130 – бұл жай көлік емес, ұрпақтар тарихы бар дәстүр. Темір тұлпар жолы жоқ, қиын табиғат жағдайларына арналған көлік. Оның үлкен әрі кең салоны сегіз адамға дейін жайлы отыруға мүмкіндік береді.

Автомобильде жердің сипатына қарай икемделетін жүйе бар, ол жүріс кезінде ыңғайлылық пен тұрақтылықты арттырады. Қиын жолда көліктің қозғалысын теңестіру үшін электронды дифференциал орнатылған. Сонымен қатар, арнайы All-Terrain Progress Control жүйесі кез келген ауыр жағдайда көлікті сенімді басқаруға көмектеседі.

Еуропалық NCAP және ADAC рейтингтері Defender-ді қауіпсіз әрі функционалды оффроуд-көлік ретінде ұсынады.

Кішкентай, бірақ қуатты

Suzuki Jimny – кішкентай болса да, жолы жоқ жерлерде жоғары еш қиналмастан қатынауға мүмкіндік беретін көлік. Оның салмағы жеңіл, өлшемдері шағын, кез келген қиын жағдайларда жеңіл әрі шапшаң жүруге мүмкіндік береді.

Бұл көлік рамалық шассиге негізделген, сондықтан сенімді авто саналады. Дөңгелек базасының қысқа болуы оның бұрылу радиусын азайтып, тар жолдарда оңай маневр жасауға көмектеседі. Қарапайым әрі сенімді механикалық 4×4 жетегі Jimny-дің техникалық қызметін жеңілдетеді әрі жөндеуді қолайлы етеді.

Top Gear және Autocar журналдары Jimny-ді «ең көңілді және қолжетімді жол талғамайтын көлік» деп бағалады.

Жол талғамайтын көліктер – бұл стиль ғана емес, қажеттілік. Әсіресе елді мекендерден шалғай, қиын климаттық жағдайларда өмір сүретіндер үшін немесе демалысты табиғат аясында өткізуді ұнататындар үшін. Jeep Wrangler Rubicon мен Toyota Land Cruiser –жылдар бойы сыналған көшбасшылар. Ford Bronco мен Defender сияқты жаңа буын өкілдері – қазіргі технология мен классиканың үйлесімі. Ал Jimny – қарапайымдылық пен тиімділіктің символы.

Қорыта айтқанда, ең үздік жол талғамайтын көлік сіздің нақты қажеттілігіңізге сәйкес келетін темір тұлпар. Қала сыртында демалу ма, әлде толыққанды оффроуд па? Әрқайсысының өз таңдауы бар.

Осыған дейін жылдар өтсе де сапасы төмендемейтін, қашан да бағасы жоғары темір тұлпарлар туралы жазған едік.  

Сондай-ақ оқыңыз