Шымкентте жолақысын төлемеген жолаушы автобус жүргізушісін сабап кетті

Шымкенттегі №52 бағыттағы автобус жүргізушісі 34 жасағы Мақсат Жолаевты жолаушылар соққыға жығып жарақаттады. Жүргізуші жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырылғанымен, дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, күдікті ретінде 17 жастағы баланы ұстады. Қалалық тергеу соты оны 2 айға қамауға санкция берді.
Оқиға 12 маусым күні кешке Шымкенттегі «Бекжан» базары маңында болған. Автобус жүргізушісі Мақсат Жолаевтың сөзінше, аялдамаға келгенде жолақысын төлемеген жолаушыны байқаған. Автобустың артқы есігін жауып, оған төлем жасау керектігін айтқан. Жолаушы жолақысын төлегенімен жүргізушіні балағаттаған, намысына тиіп, сыртқа шығуын сұраған. Сыртта жүргізушіні жолаушымен қоса төрт адам күтіп алып, соққыға жыққан.
«Сыртқа шықсам үш бала күтіп тұр екен. Бірі артымнан келіп басымнан балғамен ұрды. Басым жарылды. Автобустан түскен баланың қолында кастеті болды. Кастетпен жағымнан ұрғанда жағым жыртылып есімнен танып қалдым. Ары қарай не болғанын білмеймін», – дейді автобус жүргізушісі Мақсат Жолаев Kursiv.Media-ға.

Есінен танған жүргізушіге аялдамадағы жолаушылар көмектесіп, жедел жәрдем шақырған. Жолаев есін жедел жәрдем көлігінде жиған. Ауруханаға келгенде жағдайы ауыр болған соң, дәрігерлер оны жан сақтау бөліміне жатқызған.
«Науқас жедел жәрдем бригадасымен біздің қабылдау бөліміне түскен. Түскен кезде бас жарақаттары болған. Дәрігерлер қабылдау бөлімінде алғашқы медициналық көмек берген. Кейін жедел түрде неурохирургия бөліміне жайғастырдық. Қазір науқас ем алуда. Жағдайы орташа ауыр жағдайда», – дейді «Хадиша» клиникасы бас дәрігерінің орынбасары Ерлан Құрбанходжаев.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. Қалалық тергеу сотының қаулысына қарағанда, оқиғаға қатысты күдікті ретінде кәмелет жасқа толмаған бір бала ұсталған. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сот күдіктіні 2 айға қамау туралы санкция берген.
34 жастағы Мақсат Жолаев 5 жылдан бері автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Отбасылы, кәмелет жасқа толмаған 4 баласы бар.
Осыған дейін Шымкентте көлік жүргізушісі полицейді сүйреп кеткенін жазған едік.