Трамп ирандықтарға Тегераннан тез арада кетуге кеңес берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Израиль бес күн бұрын Тегеран қаласына соққы жасаған / фото: REUTERS
Израиль бес күн бұрын Тегеран қаласына соққы жасаған / фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп «Бәрі тез арада Тегераннан эвакуациялануы керек!» деп мәлімдеді. Ол үндеуін өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне жазды.

Ақ үй басшысының Иран халқының астанадан не себепті кетуі керектігін түсіндірмеді. Тегеранда 10 млн халық тұрады.

«Иран мен ұсынған келісімге қол қоюы керек еді. Масқара. Адам өмірін босқа құрту. Бір сөзбен айтқанда, Иранда ядролық қару болмайды. Мен тағы да, тағы да қайталап айтам! Бәрі тез арада Тегераннан эвакуациялануы керек!», – деп жазды АҚШ президенті.

Ақ үй өкілі CNN телеарнасына Трамптың «Тегераннан тез кетсін» деген мәлімдемесі нені білдіретінін түсіндіруге тырысқан. Шенеуніктің айтуынша, АҚШ президенті Иранға тезірек келіссөз бастауға үндеген, өйткені «қанға қан» деген ұстаныммен Израильмен арада кескілескен ұрыс жүріп жатыр.

Трамп мәлімдемесін Иран астанасының тұрғындары қалай қабылдағаны әзірге белгісіз. Бірақ бүкіл әлемдегі инвесторлар мұны Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп барады деп түсінді.

17 маусымда америкалық акциялардың фьючерстері төмендеді. Есесіне мұнай бағасы күрт көтерілді. Бұған Трамптың әлгі мәлімдемесі әсер етті деп жазды Reuters. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 0,34%-ға көтеріліп, 73,47 долларға жетті. Алтынның бір унциясы 3393,05 доллар тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.

Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді

Сондай-ақ оқыңыз