«Самұрық-Қазына» қоры «Бәйтерек» холдингіне 50 млрд теңге қарыз береді

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры «Бәйтерек» басқарушы холдингіне 50 млрд теңге қарыз береді. Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жариялаған ақпаратқа сәйкес қарыз 30 жылға рәсімделмек.
Бұл қарызды «Бәйтерек» холдингі 30 жылға арзан пайызбен алады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі жылына небәрі – 0,1%. Сыйақы жылына бір рет, ал қарыздың негізгі сомасы мерзім соңында қайтарылады. Қарыз кепілсіз беріледі.
Қор ақпаратына сәйкес, бұл қаржы экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға бағытталады. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй құрылысы мен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
«Бәйтеректің» жоспарлары қандай?
2025 жылы «Бәйтерек» холдингі 8 трлн теңгені кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй салу және инвестициялық жобаларға жұмсамақ. Ал 2027 жылға дейін бұл көрсеткіш 10 трлн теңгеге жетпек.
Сәуір айында холдинг ірі бизнеске арналған кепілдік қорын іске қосты. Сонымен қатар «Бәйтерекке» қарасты «Даму» қорының базасында шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры жұмысын бастады.