1Fit стартапының сәтсіздігі: Малайзия мен Мексикадағы бизнес жабылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық 1Fit стартапы шетелде ашқан бизнесін жауып жатыр. Жақында Малайзиядағы кәсібін тоқтатуға тура келген. Бұл жайлы компания басшысы Мұрат Әліханов инстаграмдағы парақшасында жазды.

«Біз 1Fit-ты Малайзияда іске қосқанда, үлкен армандарымыз болған. Фитнестің тек қолданушылары үшін ғана емес, спортзалдар мен студиялар үшін де барынша қолжетімді, ыңғайлы болғанын қаладық. Көп жағдайда бұл қолымыздан келді. Былтыр Малайзиядағы 1Fit қосымшасы арқылы 356 мың жаттығу өткіздік», – деді Әліханов.

Оның сөзінше, компания Куала-Лумпурдағы 600-ден аса студиялар мен спорт залдарымен серіктес болып, бизнесін қолдау үшін 1,2 млн доллар төлеген. Оңтүстік-Шығыс Азия, оның ішінде Малайзия фитнес үшін болашағы зор нарық деп танылғандықтан, стартап бұл өңірге ерекше назар аударды. Тіпті білікті команда жасақтап, жаңа қолданушылар тарту үшін тағы 4,2 млн доллар жұмсаған.

«2,7 млн доллар пайда таптық, бірақ ол біз жұмсаған қаржыдан аз. Шешімін табуға, қосымша инвестиция тартуға тырыстық. Жұмысты жалғастыру үшін түрлі мүмкіндіктерді қарастырдық, бірақ керекті қаражатпен қамтамасыз ете алмадық. Бұл біз ойлаған нәрсе емес еді», – деп қорытындылады бизнесмен.

Мексикадағы сәтсіздік

1Fit – ортақ абонемент бойынша түрлі фитнес-орталықтарға баруға мүмкіндік беретін сервис. Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Әзірбайжанда жұмыс істейді. Екі жыл бұрын Мексикаға, Ұлыбритания және Ресей нарығына шыққан еді. Бірақ ол талпыныстары сәтсіз аяқталды.

Осы жылдың сәуірінде компания «қаржылай қиындықтар болғанын» айтып, Мексикадағы бизнесті жапты. El Financiero атты мексикалық басылымының жазуынша, компания ешбір ескертусіз, клиенттері мен серіктестерін құлағдар етпестен кетіп қалған. Стараптың артында қарызы мен орындалмаған міндеттемелері қалған көрінеді.

Ал 2023 жылы Ұлыбританиядағы, 2022 жылы Ресейдегі жобасын жапты. Лондонда 1Fit жарты жылдан аз уақыт қана жұмыс істеп, 50 млн теңге шығынға батқан.

Forbes Kazakhstan дерегінше, 2023 жылы стартаптың түсімі 20,2 млн долларды құраған. Оның негізін қалаушы Мұрат Әліханов «30-ға дейінгі 30» тізіміне кірді.

Сондай-ақ оқыңыз