Теңізден газ құбырын тарту тендеріне түрік және қытай компаниялары қатысады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Теңіз кен орнынан газ құбырларын тартуға төрт компания таласады / фото: REUTERS/Charles Mostoller
Теңіз кен орнынан газ құбырларын тартуға төрт компания таласады / фото: REUTERS/Charles Mostoller

Теңіз кен орнынан Атырау қаласы маңындағы зауыттарға екі газ құбырын тартуға арналған тендерге төрт компания қатысады. Жобаға түріктер мен қытайлар таласады. Бұл туралы Қазақстанның мұнай және газ кеңесі Upstream мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Кеңестің мәліметінше, газ құбырлары Атырау маңындағы «Силлено» және KPI зауыттарына тартылады. Тендерді KMG Petrochem жариялаған. Құбырлар сұйытылған этан мен пропан тасымалдайды. Олардың ұзындығы – шамамен 200 шақырым.

Upstream порталының дерегінше, тендерге Қытайдың төрт компаниясы қатысады. Олардың арасында Sinopec Engineering те бар. Ал SMEC қытай компаниясы түріктің Esta Construction компаниясымен бірге тендерге түседі. Бұлардан бөлек байқауға Қытайдың тағы екі мемлекеттік құрылыс компаниясы қатысқалы жатыр.

Тендер қорытындысы 2025 жылдың аяғында жарияланады деп жоспарланған. Газ құбырлары іске қосылған соң, инфрақұрылымды басқару Qazaqgaz компаниясына беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін түріктің Esta Construction компаниясы Маңғыстауда 1,35 млрд доллар тұратын зауыт салатыны мәлім болған. Өңірде аммиак, карбамид кәсіпорыны салынғалы жатыр.

KMG Petrochem акцияларының 100%-ы ҚазМұнайГаз-ға тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз