Шымкентте қыздың мәйітін қорлаған күдіктіге қатысты сот басталды

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкентте қыз бен жігіт болып жүруден бас тартқаны үшін қызды пышақтап өлтіріп, мәйітін қорлап, жасырды деген айыппен ұсталған жігіт пен оның сергінің ісі сотта қарала бастады. Басты айыпталушы тағылған айыпты ішінара мойындайтынын айтты, ал екіншісі кінәсін толық мойындайтынын жеткізді. Сот тергеуінде айыптау актісін оқыған прокурор оқиғаның жай-жапсарын айтып берді.

Қылмыстық іс Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сотқа айдауылмен жеткізілген 18 жастағы Нұрсұлтан Тойлыбай «Адам өлтіру» және «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабымен, ал оның серігі 18 жастағы Дінмұхаммед Сейітбек «Қылмысты жасырып қалу» бабымен айыпталған. Сотта айыпталушылар өзін фото-видеоға түсіруге қарсы болды. Прокурор істі жабық қарауды сұрағанымен, жәбірленуші тарап істі ашық өткізуді талап еткен.

Сот тергеуі прокурор Әскербек Пошимовтың айыптау актісін оқуымен басталды.

Айыптау актісіне қарағанда, Нұрсұлтан Тойлыбай марқұм 17 жастағы Береке Ерланқызымен 2024 жылдың наурыз айында Instagram желісі арқылы танысқан. Олар қыз жігіт ретінде қарым-қатынаста болған. Көп өтпей аралары суып, қазан айында қайта татуласқан. 2025 жылдың қаңтар айында екеуінің қарым-қатынасы тағы шиеленіскен. 11 наурызда Береке Нұрсұлтанға байланысты үзетінін хабарлаған, Instagram желісінде оны қара тізімге жіберген. Бұған Нұрсұлтан ашуланған. Ертеңіне «Автонұр» базарынан пышақ сатып алып, арнайы жеңіл көлікті жалға алып Берекемен арақатынасына нүкте қою үшін кездескен.

«Ерланқызына түрлі сылтау айтып оны көлік жүргізуге үйрету сылтауымен қала сыртындағы адам аяғы сирек жүретін жерге яғни Шымкент қаласы Сәуле мөлтек ауданы Қонаев даңғылы тас жолына алып барған. Өзі көліктің сыртына шығып, жәбірленуші Ерланқызын көліктің сыртына шығарып, өзімен алдын ала дайындап барған, тереу барысында анықталмаған пышақты алған. Аталған пышақпен Ерланқызының денесіне яғни сол жақ көкірек тұсына бір рет, артқы тұсынан екі рет соққы жасаған», -дейді прокурор Әскербек Пошимов.

Пошимовтың сөзінше, айыпталушы жәбірленушінің өлгеніне көз жеткізу үшін оның мойнына тағы бірнеше рет пышақ сұққан. Жәбірленушінің өлгеніне көз жеткізгеннен соң мәйітті қорлау пиғылы туған.

«Содан Тойлыбай өзінің қылмыстық пиғылын соңына дейін жеткізу мақсатында жәбірленуші Ерланқызының киімдерін толықтай шешіп, жалаңаш денесіне қарап отырған. Сөйтіп сол қолына пакетті киіп, жыныстық құмарлықты сезіну мақсатында жәбірленуші Ерланқызының аналық жыныс мүшесіне сұқ саусағын бірнеше рет тығып өзінің іс-әрекетін ұялы телефонына түсіріп, қылмыстық пиғылын соңына дейін жеткізген», – дейді прокурор.

Айыпталушы өзінің қылмысын жасыру үшін серігі Дінмұхаммед Сейітбекке хабарласып мәйітті жасыруға көмектесуін сұраған. Екеуі мәйітті қапқа салып, түнде Текесу ауылы маңына лақтырып кеткен. Сот тергеуінде Тойлыбай адам өлтіргенін мойындағанымен, мәйітін қорлады деген айыппен келіспейтінін айтты. Ал оған көмектесті деген күдікке ілінген Сейітбек кінәсін толық мойындайтынын жеткізді. Айыптау актісін жәбірленуші тарап жылап тыңдады. Ал айыпталушылардың туыстары басын төмен салып отырды.

«Береке ашық-жарқын қыз еді. Өмірінің өте қысқа болғаны барлығымыздың жүрегімізге ауыр тиіп тұр. Теледидардан қыздардың зорланғанын көргенде болашақта осындай қыздардың құқығын қорғаймын деп айтатын. Заңгер, адвокат болуды армандайтын. Айыпталушыларды өмір бойына түрме жазасына кесуін қалаймын», – дейді марқұмның әпкесі.

Сот тергеуі әлі жалғасып жатыр. Айта кетейік, оқиға 12 наурыз күні кешқұрым болған.

Сондай-ақ оқыңыз