G7 елдері Израильді қолдай отырып, Газадағы атысты тоқтатуды талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
G7
G7 елдерінің басшылары Иранды тұрақсыздық аймағы деп мәлімдеді / Фото: reuters.com; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Үлкен жетілік» елдерінің көшбасшылары Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтынын растай отырып, қақтығыста Израильді қолдайтынын мәлімдеді.

G7 елдерінің басшылары Иранды тұрақсыздық аймағы әрі террордың отаны деп айыптады.

«Біз, «Үлкен жетілік» елдерінің көшбасшылары, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтынымызды растаймыз. Осыған байланысты біз Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын мойындаймыз және елдің қауіпсіздігін қолдайтынымызды қайта мәлімдейміз. Сондай-ақ, бейбіт тұрғындарды қорғаудың маңыздылығын атап өтеміз. Иран — аймақтағы тұрақсыздық пен террордың басты көзі», – делінген ресми мәлімдемеде.

Осы орайда G7 Иранның ядролық қаруға ие болуына қарсы екенін жеткізген. Десе де, көшбасшы елдердің басшылары Таяу Шығыстағы дағдарысты шешу мәселесіне ден қоя қажет деп санайды. Сондай-ақ Газадағы атысты тоқтату мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жеткізген.

«Біз Иранға қатысты дағдарысты шешу Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарды, соның ішінде Газа секторындағы атысты тоқтату арқылы кең көлемде бәсеңдетуге әкеледі деп үміттенеміз. Сонымен қатар, біз халықаралық энергетикалық нарықтарға әсерін жіті бақылауды жалғастырамыз және нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында пікірлес серіктестермен іс-қимылды үйлестіруге дайынбыз», – деп мәлімдеген.

Еске сала кетсек, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандары мен зауыттарына әуеден шабуыл жасап, ядролық қару жасаумен айналысып жатқан инжене-физиктердің өлтірілгенін хабарлады.

Иран бұдан кейін Израиль мен АҚШ-тан кек алатынын мәлімдеді. Содан бері тараптар бір-бірін зымырандармен атқылап жатыр. Екі елде де бейбіт тұрғындардың құрбан болғаны айтылады.

Сондай-ақ оқыңыз