Атырау қаласына жақын маңда қамыс өртеніп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қамыс өрті Атырау қаласына жақындап қалды / фото: ТЖМ
Қамыс өрті Атырау қаласына жақындап қалды / фото: ТЖМ

Атырау қаласынан бар болғаны 37 шақырым жерде қамыс өртеніп жатыр. Тілсіз жау осы маңда 7 гектар жерге жайылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі (ТЖМ) хабарлады.

Атырау облысында қамыс өртеніп жатқанына бір аптаға жуық уақыт болды. Құтқарушылар 13 маусымнан бері тілсіз жаумен күресіп жүр. Содан бері жалпы ауданы 805 гектарды қамтыған қамыс өртінің бірнеше ошағы сөндірілді.

«Қазір Атырау қаласынан 37 км жерде шамамен 7 га алаңдағы өртпен күрес жүріп жатыр», – деп хабарлады ТЖМ.

Министрліктің мәліметінше, жетуі қиын жерлер, қамыстың қалың өсуі, екпінді жел өрт сөндіру жұмыстарын қиындатты.

Өртті сөндіруге ТЖМ мен табиғи резерваттың барлық күші мен құралы тартылды. Жұмыс басталғалы бері авиация өрт ошақтарына әуеден 33 рет су төкті.

Облыста жедел штаб жұмыс істейді. Жағдай министрлік бақылауында.

Сондай-ақ оқыңыз