Саясат Нұрбек: Оқуға қабылдау мен әскерге шақыру уақытын сәйкестендіру керек

Оқуға түскелі тұрған, бірақ әлі студент мәртебесі берілмеген түлектерді әскерге алып кетуі заңды. Оған Қорғаныс министрлігінің құқығы бар деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Назарбаев университетінің бір студентін военкомат тарапынан әскерге алып кетті. Бұл жерде заң сақталып келе жатыр. ЖОО-ға студентті қабылдау жайлы шешім шілде-тамыз айында жарияланады. Ал әскерге шақыру ерте басталады. Студент статусына ілінбей әскерге алып кетуге құқылы», – деп түсіндірді ол.
Осы себеппен Назарбаев университетіне грантқа түскелі тұрған түлекті әскерге алып кетуі заңды деп есептейді. Бірақ оны әскерге алып кеткен күннің ертеңіне студент деген мәртебе берілген. Қазір осы мәселені шешу үшін екі министрлік «ақылдасып жатыр». Бірақ соңғы шешімді қорғаныс министрлігі қабылдайды деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Оқуға қабылдау мен әскерге шақыру уақытын сәйкестендіру керек
Соңғы уақытта оқуға құжаттарын тапсырған, әлі қабылданып үлгермеген түлектерді мәжбүрлеп әскерге алып кеткен жағдайлар жиіледі. Осы мәселені шешу үшін Саясат Нұрбек Қорғаныс министрлігіне жаңа ұсыныс жасағанын айтты.
«Қазір біз қорғаныс министрлігімен бірігіп, мерзімді сәйкестендіру үшін ұсыныс жасадық. ЖОО-ға қабылдау мерзімі мен қорғаныс министрлігінің әскерге қабылдау мерзімі сәйкес келмейді. Олардың бұйрығы ертерек шығады, біздің қабылдау (оқуға қабылдау – ред.) бұйрығымыз шілде-тамызда шығады. Сол арада оларды әскерге алып кетуі мүмкін, сол мерзімді біз сәйкестендіруіміз керек», – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, осы айда Нұрсұлтан Назарбаев мектебін бітіріп, Назарбаев университетіне грантқа түскелі тұрған түлекті әскерге алып кетті. Қорғаныс министрлігі жас жігіттерді көшеден алып кеткен жағдайлар бар екенін мойындады. Бірақ барлық ер-азамат әскери борышын өтеу керек деп түсіндірді.
«Өкінішке қарай, осындай фактілер бар. Әрине, бұған жол беруге болмайды. Десе де, елде заң мен тәртіп орнату талаптары бектілген. Заң бойынша азамат өз міндетін орындауға міндетті. Онда ерікті түрде әскерге қатыса алады деген норма жоқ. Әр азамат әскери борышын өтеуге міндетті», – деді министрлік өкілі.