Қазақстанның мемлекеттік қарызы 10 жылда 2,5 есе өскен

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 21%-ы. Қаржы министрі Мәди Такиев «қарыз деңгейі бақылауда» дегенімен, депутаттар бұған күмәнмен қарайды.
18 маусымда Мәжіліс отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Ол мемлекеттік қарыз көлемі 31,9 трлн теңге екенін айтты. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, бұл – орташа деңгей. Министр осыны алға тарта отырып, ешқандай қауіп жоқ деп мәлімдеді.
Алайда Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева бұл тұжырыммен келіспейді. Оның сөзінше, соңғы 10 жылда Қазақстанның мемлекеттік қарызы екі жарым есе артқан.
Савельеваның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата бірнеше жылдан бері ескерту жасап отыр. Бірақ мәселе шешілмей келеді. Ең бастысы, мемлекет алған қарыздың қайтарымдылығы, валюталық және қаржы тәуекелі, бүкіл берешектің жиынтық есебі жүргізілмейді.
«Қарыздың көлемі ЖІӨ-нің 22%-ынан аспағанымен, бұл – шынайы жағдайды бүркемелейтін көрсеткіш. Себебі Үкімет тек сандық шектен шығып кетпеуді бақылап отыр. Ал қарыздың сапасы мен тәуекелдері туралы ешкім нақты талдау жасамайды», – деді депутат.
2025 жылдан бастап жаңа Бюджет кодексі күшіне енді. Ол мемлекеттік қарызды басқаруға қатысты ережелерді күшейтеді. Енді:
- Мемлекеттік органдар өз қарыздарын болжап, бақылап, бағалап отыруға тиіс;
- Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызына жыл сайын лимит белгіленеді;
- Республикалық бюджеттің заң жобасында барлық қарыз көздері толық көрсетілуі тиіс.
Бірақ мәселе қағазда емес. Савельева нақты сұрақ қойды:
«Бұл нормалар қағаз жүзінде жазылды. Бірақ олар нақты іс жүзінде қалай жүзеге асады? Қаржы министрлігі қандай нақты механизмдер әзірледі? Жаңа талаптар бұрынғы кемшіліктерді жоя ала ма?», – дейді депутат.
Мәди Такиев мемлекеттік қарыз деңгейі басқарылатын деңгейде деп сендіреді. Оның пікірінше, мәселенің мәні – бюджет тапшылығын азайтып, салық базасын кеңейтуде жатыр.
«Мемлекеттік қарызды қысқарту үшін екі жол бар: біріншісі – бюджет тапшылығын азайту, екіншісі – салық түсімін арттыру. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді министр.
2025 жылдың бірінші тоқсанында қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге арналған шығын 982 млрд теңгеге жетті. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш бюджеттің едәуір бөлігін жұтып отыр.