Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасын құрғандар құрықталды

Шымкент қаласы прокуратурасы қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Қаржы пирамидасына мыңнан аса адам тіркеліп үлгерген.
Күдіктілер түскен ақшаның 280 млн теңгесіне тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алған.
Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, «Mooni Gold» қаржы пирамидасына мыңнан аса адам тіркелген. Күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде көрсеткен. Ал инвесторларға 5 ай ішінде салынған соманың 20-30%-ын құрайтын ай сайынғы табысқа уәде берген. Негізгі капиталдың сақталатынына кепілдік бергені анықталған.
«Шын мәнінде, төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан жасалып отырған», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазіргі таңда күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және басқару» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олардың үйіне тінту жүргізілген.
«Күдіктілер қылмысынан түскен ақшаларды жалпы құны 280 млн теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға жұмсаған. Тінту кезінде 15 млн теңге қолма-қол ақша мен құны 28 млн теңгені құрайтын 67 атаудан тұратын түрлі алтын бұйымдар тәркіленді», – деп жазды Шымкент қаласының прокуратурасы.
Аталған қаржы пирамидасына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал күдіктілер ұсталып, қамауға алынған.
Жақында Абай облысының тұрғындарының Rakhat0425 қаржы пирамидасына 790 млн теңгені салып жібергені белгілі болды. Пирамида ұйымдастырушылар 30 пайыздық дивиденд уәде еткен.