Министр бес баласынан айырылған отбасының табысы жеткілікті болған деп санайды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова БҚО Жымпиты ауылында бес баласынан айырылған отбасының әлеуметтік жағдайы мен оларға көрсетілген көмек туралы айтты.
Мәжіліс кулуарында журналистер Жақыповадан «аз қаржыға балаларды бағу үшін түнімен жұмыс істеу ата-ананың таңдауы ма» деп сұраған. Алайда министр отбасының табысы аз болды дегенмен келіспейді.
«Отбасында қаржы жеткілікті болатын. 113 мың теңгедей алатын. Оның ішінде көпбалалыларға берілетін жәрдемақы мен бала күтіміне арналған жәрдемақы бар. Балалардың әкесінің жалақысы 190 мың теңге. Сәйкесінше, отбасының әр мүшесіне 47 мың теңгеден айналатын. Сондықтан қаржы жеткілікті еді», – деді ол.
Министр «балаларды 47 мың теңгеге бағуға болады деп санайсыз ба» деген сұраққа «балалар кішкентай, сондықтан қорытындысын өзіңіз жасаңыз» деп жауап қатты.
Сондай-ақ ол мемлекеттің әлеуметтік саясаты отбасыны қамтамасыз ету емес, қолдау саясатына құрылатынын атап өтіп, ата-аналар да баланы дүниеге әкелерде оларды қамтамасыз етуге араласуға тиіс екенін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекет базалық деңгейде қамтуды толық көлемде жүзеге асырып отыр.
4 маусым күні Батыс Қазақстанда жер үй өртеніп, бір үйдің бес баласы қаза тапқан. Аудан әкімі азалы отбасыға жан-жақты көмек берілетінін мәлім еткен.