Бизнеске қаржы жетпейді деген «Даму» қорының басшылығы 233 млн теңге сыйақы алды

Жарияланды 18 Маусым 2025 15:13

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

«Даму» қорының басқарма мүшелері 2024 жылы 233,8 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл жайлы Қазақстан қор биржасында жарияланған хабарламада жазылған. Аталған сомаға басқарушылардың жалақысы мен басқа сыйақылар да енгізілген.

Былтыр берілген сыйақы көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 20,3 млн теңгеге артық.

Қазір қордың директорлар кеңесінің құрамында жеті адам бар: Серік Жұманғарин, Елена Бахмутова, Райымбек Баталов, Ардақ Қасымбек, Рустам Қарағойшин, Жандос Шайхы және Гаухар Бүрібаева.

Биыл «Даму» қорының басқарма төрағасы болып Фархат Сәрсекеев тағайындалды. Оған дейін бұл қызметте Гаухар Бүрібаева отырған, қазір ол Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалған.

Қордың қаржылай есебіне сүйенсек, 2024 жылда таза пайдасы 69,7%-ға, яғни 38,6 млрд-тан 26,9 млрд теңгеге дейін төмендеген. Ал актив көлемі 3,5% яғни 436,9 млрд теңгеге өскен.

Биыл қордың жобаларына қатысты шу шықты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Алматы қаласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді уақытша шектеді. Мұны қаражат жоқ екенімен түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз