Үкімет ауылдарды интернетпен қамту үшін халықаралық банктен 13 млрд иен қарыз алады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
банктер
Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 13 млрд иен қарыз алады / Фото: kursiv.media архив

Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 13 млрд иен қарыз алмақшы. Бұл қаражат негізінен ауылды жерлерде интернет пен байланысты жақсарту үшін жұмсалады. Мәжілісте тиісті Заң жобасы талқыланды.

Депутат Нұртай Сабильянов Астанада Қазақста мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасында 2024 жылдың 12 желтоқсанында келісім жасалғананын, оған сәйкес халықаралық банктің жеңілдікпен қарыз беретінін айтты.

«Келісім мақсаты ауылдық елдімекендер тұрғындарының Қазақстанның қызмет көрсетілмейтін және қызмет жеткіліксіз көрсетілетін аудандарында сапасы жоғары және тұрақты кеңжолақты байланыс инфрақұрылымына қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаны іске асыру үшін қарыз алу», – деді депутат Нұртай Сабильянов.

Келісімге сәйкес, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Қазақстанға 13 083 100 000 жапон иенін 12 жылға береді. Сонымен бірге халықаралық банк 2028 жылдың 15 сәуіріне дейін жеңілдік бермек.

Аталмыш келісім шеңберіндегі Заң жобасын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізді.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың күзінде Мәжіліс Қазақстан Азия Даму банкі және Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 15 жылға 52,3 млрд және 52,7 млрд иен көлемінде қарыз алу жөніндегі келісімді ратификациялаған болатын. Бұл қаражат елдегі бюджет тапшылығын жобуға жұмсалатыны айтылған.

Бұдан бөлек Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 52,3 млрд иен көлемінде 15 жыл мерзімге қарыз алған еді.

Байқап отырғанымыздай, Қазақстанның сыртқы қарызы артып жатыр. 2024 жылдың күзінде Мәди Такиев Қазақстанның сыртқы қарызы  26 трлн теңгеден асқанын айтқан болатын. Ал 1 сәуірдегі жағдай бойынша, елдің сыртқы қарызы 31,9 трлн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз