Иран тізе бүкпейді: Хаменеи Трамптың капитуляция туралы үндеуіне жауап берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи АҚШ президенті Дональд Трамп талабына жауап берді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи АҚШ президенті Дональд Трамп талабына жауап берді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді. Бұл туралы жергілікті IRNA агенттігі хабарлады. Осының алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Тегераннан «капитуляция» сұраған.

Аятолланың мәлімдеуінше, Иран ешкімнің «әміріне» бағынбайды, «өзгелер бастаған соғысқа» қарсы тұрады.

«Иранды, оның халқы мен тарихын білетін адам, ешқашан қоқан-лоқы тілімен сөйлеспейді. Себебі иран халқының бірлігі бұзылмайды. АҚШ-тың кез келген әскери әрекеті орны толмас шығын әкелетінін америкалықтар білуі тиіс», – деді Әли Хеменеи.

Жоғарғы көсем Израиль шабуылына Вашингтонның да қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Бір күн бұрын Дональд Трамп «төзім таусылуға шақ қалғанын» жазып Тегераннан «Толықтай капитуляция!» талап еткен. Бұған қоса, Батыс баспасөзі АҚШ Таяу Шығыстағы жанжалға араласу-араласпау мәселесін бір-екі тәулікте шешеді деп жазды.

Трамп қандай шешім қабылдайды?

Бұл уақытта сарапшылар АҚШ әскери қақтығысқа араласқан жағдайда не болатыны туралы болжам жасап жатыр.

«Басшылар осындай қиын сәтте таңдау жасай алады. Трамп бұған дейін де Иранмен соғыс қарсаңында кейін шегінген, осы жолы да осындай шешім қабылдауға мүмкіндігі бар», – дейді Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңестің аға қызметкері Элли Геранмайе CNN телеарнасына.

Оның пікірінше, Трамп Иранның ядролық нысандарын атқыласа, Тегеран оны «соғыс жариялау» деп қабылдайды.

«Пандора жәшігі ашылған сәтте, біз әрі қарай не болатынын біле алмай қаламыз», – деп ескертті сарапшы.

Геранмайе Иран капитуляцияға бармайтынын айтып отыр.

«Олар да әскери жеңіске жетпейтінін түсінеді, бірақ бәрі жеңіліс табуы үшін барын салады», – деп түйіндеді сарапшы.

Иран мен Израиль жанжалы

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.

Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.

Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғады.

Баку Израильден Иранның әзербайжан көп тұратын мекендерін атқыламауды сұрады.

Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз