АЭС салу бойынша халықаралық консорциумға Франция да кіруі мүмкін

Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасына француз компаниясы да қосылуы мүмкін. Бұл жайлы Атом энергиясы жөніндегі агенттік өкілдері мен француздың мемлекеттік энергетикалық компаниясы, Électricité de France (EDF) жетекшілерімен кездесуде айтылды
«Тараптар EDF компаниясының Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасына халықаралық консорциум құрамында қатысу мүмкіндігін талқылады. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері мен шағын және орта қуатты реакторлар саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды», – деп жазылған агенттік таратқан хабарламада.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Еске салайық, 14 маусымда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті Ресей салатыны белгілі болды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік Ресейдің бұл саладағы халықаралық тәжірибесі мол болғандықтан, сондай таңдау жасалды деп түсіндірді.
Екінші АЭС-ті Қытай салуы мүмкін, әзірге Үкімет бұл нұсқаны қарастырып жатыр.
Елімізде атом станциясын салуға бастапқыда төрт вендор компания ұсыныс берген еді. Олардың арасында Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея бар.