Тазалық қызметкерлеріне орынсыз пранк жасаған азамат 10 күнге қамауға алынды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Тазалық қызметкерлеріне орынсыз пранк жасаған азамат 10 күнге қамауға алынды/Видеодан скриншот

Алматыда еңбек адамын сыйламаған азамат жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Әлеуметтік желіде жас жігіт пен қыз қоқыс тастап, тазалықшы әйелді дөрекі түрде балағаттап жатқан бейне тараған. Олар тазалықшыларды келеке-мазақ қылып, соңында мұның «пранк» екенін айтып, кешірім сұрап, жәбірленушіге ақша берген.

Жарияланым қалың жұртшылықтың наразылығын тудырған. Пайдаланушылар мұндай контентке наразылығын білдіріп, жұмысшыларды қорлауға жол берілмейтінін атап өткен.

Полиция видеоны жасағандардың жеке басын анықтап, материалдар сотқа берілген.

– Еңбек адамын құрметтемеу, әсіресе, демонстрациялық және қорлау түрінде орын алуы мүмкін емес. «Пранк» жауапкершіліктен босатпайды. Заң бәріне бірдей. Белсенді ұстанымдары үшін алаңдаушылық білдірген азаматтарға алғыс айтамыз. Бұл оқиға әдептілік шегінен шығуға дайын жандарға сабақ болады деп сенеміз, – деді Алматы қалалық полиция департаменті.

Іс қаралған соң жастар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Бұған дейін, Астана полицейлері түркиялық туристің 18 алтын әшекейін ұрлап алған қонақ үй қызметкерін анықтағанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз