«Абай Бегейдің қызы» – Онлайн-лотерея ойнатқан ерлі-зайыпты тергеуге алынды

Онлайн-лотерея ойнатқан маңғыстаулық ерлі-зайыпты тергеліп жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз кәсіпкерлік жасаған деп күдік келтірген.
Маңғыстау облысының ҚМА департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Күдікке ілінген жұптың бірі – әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлов екені анықталып отыр.
Онлайн-лотереяға пәтер, көлік және басқа да сыйлық тігілген
Ақтау қаласында, әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram) 850 мыңнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты ірі онлайн-лотерея өткізген. Бірақ лотерея операторы ретінде тіркелмеген. Бұл отбасы автокөліктер, пәтерлер және басқа да құнды сыйлықтарды ұтысқа қойған.
1800 адам қатысқан
Онлайн-лотерея қатысушылары билеттерді (цифрлық нөмірлер) 500 теңгеден 50 000 теңгеге дейін сатып алған.
Тергеу мәліметтері бойынша, лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысыпты. Заңсыз кәсіпкерлік қызметтен түскен қылмыстық табыс 162 млн теңгеден асып отыр.
Есепшоттары бұғатталды
Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банктік есепшоттарына шектеулер қойылған.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Құқық қорғаушы органдардың мәліметі бойынша, басқа ақпарат жариялануға жатпайды.