Magnum Ташкенттегі дүкендерін жауып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ташкенттегі Magnum супермаркеті / Фото: gazeta.uz

Magnum супермаркеттер желісі Ташкенттегі Samarqand Darvoza сауда орталығындағы дүкенін жапты. Бұл жайлы өзбек басылымдары жазады.

Әлеуметтік желілерде қазақстандық Magnum супермаркеттер желісі Ташкенттегі дүкендерін жауып жатыр деген ақпарат тараған. Пайдаланушылардың жазуына қарағанда, Samarqand Darvoza сауда орталығында орналасқан дүкеннің жұмысы толық тоқтаған. Ал басқа филиалдарда тауар ассортименті күрт азайып жатыр, әдетте, бұл жабылу алдында болатын қалыпты жағдай.

Ал осыдан бір ай бұрын Magnum Ташкенттегі тағы бір дүкенін жауып, екіншісін басқа мекенжайға көшірген еді.

Бұл жайлы Kursiv.Media компанияға сауал жолдады, бірақ әзірге жауап келмеді.

Magnum супермаркеттер желісі Өзбекстан нарығына 2021 жылы шықты. Екі жылдан кейін елдегі дүкендер саны алтауға жетті. Сол жылы Magnum компаниясы Halyk холдингінің қолдауымен Өзбекстандағы Carrefour супермаркеттер желісін сатып алды.

Magnum Cash & Carry 2007 жылы құрылған. Қазір компанияның Қазақстанда төрт түрлі форматтағы 230-дан астам дүкені бар: Magnum 24/7 (гипермаркеттер), Magnum super, Magnum express, Magnum daily (үй жанындағы минимаркеттер). Forbes Kazakhstan басылымының «Қазақстандағы 50 ірі жекеменшік компания – 2022» рейтингінде 7-орында тұр. Компанияның иесі — Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес ұйымы, оның құрылтайшылары Азамат Османов пен Александр Роденко ретінде тіркелген.

Осы жылы сәуірде компания елімізде дауға қалды. Magnum тапсырыс қабылдаған клиентке «қазақша сөйле» деген курьерді жұмыстан шығарып жіберді. Осыдан кейін көпшілік сауда желісінің әрекетіне наразылығын білдірді. Депутаттар бұл манипуляцияға берілмей, еңбек кодексі аясында шешу керек мәселе деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз