Атырау облысындағы газ-химия кешенінің құрылысына 547 млн доллар қарыз алынбақ

«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы – KMG PetroChem Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында (AIX) 546,8 миллион доллар көлемінде облигация шығаратынын хабарлады. Бұл қаражат Атырау облысындағы жаңа газды бөлу қондырғысын салу және оны іске қосуға жұмсалады. Қондырғы болашақ полиэтилен зауытының бір бөлігі ретінде салынады.
Зауыт құрылысы 2025 жылы басталды
Атыраудағы бұл зауыт — еліміздегі алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші фазасы. Оның жалпы құны шамамен 7 млрд доллар деп бағаланған.
Құрылысы 2025 жылдың наурызында басталды. Жоспар бойынша, құрылыс 2028 жылы аяқталып, өндіріс 2029 жылы іске қосылады.
Жобаға кімдер қатысып жатыр?
Зауытты Silleno атты компания жүзеге асырып жатыр. Оның құрылтайшылары:
- «ҚазМұнайГаз» – 40%,
- Қытайлық Sinopec – 30%,
- Ресейлік Сибур Холдинг – 30%.
Айта кетейік, осы кешеннің бірінші фазасы – полипропилен өндіретін зауыт. Оны Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) компаниясы іске асырады. Жоба 2009 жылы басталып, бастапқыда екі фазаны да 2013 жылға дейін аяқтау жоспарланған болатын.
Алайда жоба кешігіп, құрылыс екіге бөлінді: бірінші фаза – полипропилен, екінші фаза – полиэтилен өндірісі. Бірінші кезең құрылысы 2016 жылы тоқтап қалғанымен, сол жылы қайта жалғастырылды. Уақыт өте келе, жобаның құны 2,6 млрд долларға шықты.
Полипропилен зауыты 2022 жылдың қарашасында ресми түрде іске қосылды. Бірақ 2025 жылға дейін толық қуатына жете алған жоқ. Мысалы, «Ақ Жайық» басылымының жазуында 2024 жылы зауыт жұмысы 28 рет тоқтаған.
KPI компаниясының қазіргі иелері:
- «ҚазМұнайГаз» – 49,5%,
- «Сибур Холдинг» – 40%,
- Samruk-Kazyna Ondeu – 9,5%,
- «Алмэкс Плюс» – 1%.
Соңғы компания Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі First Petroleum Group арқылы бақыланады. Бұл жоба — Теңіз кен орнынан шыққан шикізатты өңдеуге арналған Қазақстандағы алғашқы ауқымды бастама.