Қазақстан шекара бойындағы өткізу бекеттерін жаңалап жатыр

Қазақстанда автомобиль өткізу бекеттерін жаңарту жалғасып жатыр. Қазірге дейін 6 шекара бекеті жаңартылды, ал жыл соңына дейін тағы 5 өткізу пунктті жаңалау жоспарланған. Жаңа технологиялар көлік өтуін едәуір жеделдетіп, өткізу мүмкіндігін 2,5 есе арттырды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов айтты.
«Бүгінгі күні 6 өткізу пункті сәтті жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 5 бекет заманауи жабдықтармен толықтырылады. Жаңғыртылған бекеттердің өткізу қабілеті 2022 жылғы 640 мың көліктен 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн көлікке дейін артты. Бұл 2,5 есе өсім», – деді Бақытжан Слямов.
Қазір мемлекеттік шекара бойында барлығы 52 автокөлік өткізу бекеті жұмыс істеп тұр.
Бақытжан Слямовтың айтуынша, жаңғыртылған 6 өткізу бекетінің үшеуі Қытаймен шекарада орналасқан: «Нұр Жолы», «Қалжат» және «Алакөл». Қалған үшеуі Өзбекстанмен шекарадағы: «Бауыржан Қоныспаев», «Капланбек» және «Атамекен» өткізу пункттері.
2024 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен тағы 5 шекара бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Олар Түркіменстанмен шекарадағы «Темір баба», Өзбекстанмен шекарадағы «Қазығұрт», «Тажен» және Қырғызстанмен шекарадағы «Майқапшаға», «Бахты» бекеттері.