ЖИ адамдардың сөзіндегі қарама-қайшылықты анықтап, тергеушілерге көмектеседі

Ішкі істер министрлігі тергеушінің интерактивті көмекшісі жобасын іске қосқанын хабарлады.
Министрлік жобаның мақсаты – қылмыстық істерді тергеу сапасы мен жеделдігін арттыру екенін айтады. Жасанды интеллект «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіне біріктіріліп, тергеушінің күнделікті жұмысын автоматтандыруға көмектеседі деп күтіліп отыр.
«Жүйенің мүмкіндіктері: дауысты мәтінге айналдыру; түрлі адамдардың жауаптарын салыстырып, қарама-қайшылықтарды анықтау; жауап алу үшін нақтылайтын сұрақтар ұсыну; процессуалдық құжаттарды автоматты түрде қалыптастыру», – делінген хабарламада.
Ол төрт негізгі модульден тұрады:
- тергеуді жоспарлау;
- жауаптарды өңдеу;
- құжаттарды дайындау;
- талдау және болжам жасау.
Министрлік жоба тергеу уақытын қысқартып, тергеушілерді техникалық жүктемеден босатуға мүмкіндік беретінін айтады.
19 маусымнан бастап жүйе пилоттық режимде Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы базасында іске қосылған. Келесі аптада Ақмола облысы Қосшы қалалық полиция бөлімінде іске қосу жоспарланып отыр.
Бұған дейін, бас прокурор Берік Асылов әскердегі қауіпсіздікті күшейту үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілетінін хабарлаған.