Ердоғанның саяси бәсекелесінің адвокаты да ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлудың адвокаты да ұсталды / фото: REUTERS/Eric Broncard/Hans Lucas
Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлудың адвокаты да ұсталды / фото: REUTERS/Eric Broncard/Hans Lucas

Түркиядағы сот президент Реджеп Ердоғанның басты саяси бәсекелесі Экрем Имамоғлудың адвокатын да ұстау жөнінде шешім шығарды. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Ыстанбұлдың қазір қамауда отырған мэрін қорғап жүрген заңгер Мехмет Пехливанға «қылмыстық топ» мүшесі деген айып тағылған. Адвокат сот шешімін Имамоғлуды қорғауға қарсы бағытталған қадам деп бағалады.

Имамоғлудың өзі биыл наурызда жемқорлық жасады деген айыппен қамауға алынған. Содан бірнеше күн бұрын саясаткер 2028 жылы президент сайлауына түсетінін жариялаған.

Ыстанбұл басшысы ұсталған соң, Түркияда жаппай наразылық акциялары басталды. Сол кезде де оппозицияның ондаған мүшесі ұсталып, түрмеге түскен.

«Олар Пехливанды клиентін қорғағаны үшін ұстады. Олар Түркияны орта ғасырлардағы қараңғылыққа қайтарып, қорғау құқығын таптады», – деп жазды Республикалық халық партиясының жетекшісі Озгюр Озел X әлеуметтік желісіне.

Ол Ердоғанды саяси бәсекелесін жолдан тайдыру үшін сот жүйесін пайдаланды деп айыптады. Үкімет Түркияда сот жүйесі «тәуелсіз» екенін айтады.

Имамоғлу шамамен 16 млн адам тұратын Ыстанбұл мэрі қызметіне 2019 және 2024 жылдары сайланған.

Сондай-ақ оқыңыз