Jeep шығаратын компания Maserati брендін сатқалы жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Jeep шығаратын компания Maserati люкс брендін сатуды көздейді / фото: REUTERS/Jeenah Moon
Jeep шығаратын компания Maserati люкс брендін сатуды көздейді / фото: REUTERS/Jeenah Moon

Jeep көлігімен танымал Stellantis компаниясы люкс санатындағы Maserati брендін сатқысы келеді. Бұл туралы Reuters екі дереккөздің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Агенттік дерегінше, кейінгі уақытта Maserati саудасы мәз емес, сол себепті компания 14 брендтен тұратын ауқымды портфелін қайта ұйымдастыруды қалайды. Сол үшін автоөндіруші McKinsey қызметіне жүгінген.

«Қаншалықты жақсы көлік болса да, Maserati сатылып жатқан жоқ», – дейді Stellantis компаниясының өкілі.

Stellantis 2024 жылғы наурызда құнының үштен екісінен айрылып қалған. Былтыр Maserati саудасы екі есе төмендеген – бар болғаны 11 300 көлік сатылған. Люкс брендін өндіретін бөлім 260 млн еуро (298 млн доллар) шығынға батқан.

Қазір бұл бренд жаңа модель шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Бөлім жаңа бизнес-жоспар күтеді.

Дереккөз мәліметінше, директорлар кеңесінің кейбір мүшесі Maserati брендін сатқан дұрыс деп есептейді. Алайда басқалары компанияның жалғыз ғана люкс брендінен айрылуы оның беделіне кері әсер етеді деп отыр.

Chery секілді қытай автокомпаниялары еуропалық бренді сатып алуы мүмкін. Себебі олардың өнімдері бұл құрлықта жергілікті тұтынушыларға аса танымал емес деп жазды Reuters.

Сондай-ақ оқыңыз