«Салтанат сәулесі» әлеуметтік жобасы Қазақстанға тағы бір жүлде әперді

«Салтанат сәулесі» әлеуметтік жобасы «Канн арыстандары» халықаралық фестивалінің тағы бір жүлдесін жеңіп алды. Топ бірнеше күн бұрын күміс, енді қола жүлдегер атанды. Бұл туралы Kursiv.Media-ға осы жобаны жүзеге асырушы Citix компаниясы хабарлады.
Қазылар алқасы қазақстандық жобаны Гендерлік теңдік номинациясының Тұрақты даму мақсаттары санаты бойынша қола жүлдеге лайықты деп тапты.
«Салтанат сәулесі» — Citix технология компаниясы мен GForce Grey агенттігінің бірлескен жобасы. Оған Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді қолдау көрсетті.
Жүйе тұрмыстағы зорлық-зомбылық оқиғаларын тез арада анықтап, ол туралы бүкіл ел бойынша Citix ақылды экрандары арқылы көрсетеді. Ал телеграм-бот зорлық-зомбылық құрбандарына қайда жүгініп, не істеу керектігі туралы нұсқау-кеңестер береді.
Жоба Салтанат Нүкенованың ауыр тағдыры негізінде дайындалған. Салтанат күйеуі экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан. Оның өліміне кінәлі шенеунік сотталған соң, Салтанат есімі тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес символына айналды.
«Citix бұған дейін осыған ұқсас әлеуметтік жоба дайындаған. 2022 жылы «Есіктің арғы жақында» деп аталатын арт-жоба үйдегі зорлық-зомбылық тақырыбын қозғаған. 2023 жылы жоба БҰҰ-ның Нью-Йорктегі бас кеңсесінде көрсетілген. Енді «Канн арыстандары» байқауының үш жүлдесі қолымызда. Олардың екеуін «Салтанат сәулесі» әперді», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Бұған қоса, былтыр GForce Grey агенттігі Қазақстан тарихында алғаш рет халықаралық фестиваль алтынын алған. Ол The National Sport of Kazakhstan науқаны үшін берілген. Бұл да тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбын қозғайды.