Израиль шабуылынан Иранның ықпалды бір дала командирі қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Израиль мен Иран арасындағы қарулы жанжалға бір аптадан асты / фото: REUTERS/Amir Cohen
Израиль мен Иран арасындағы қарулы жанжалға бір аптадан асты / фото: REUTERS/Amir Cohen

Израиль билігі әуе күштерінің Иран орталығындағы Құм қаласына жасаған шабуылынан дала командирі Саид Изади қаза тапқанын растады. Бұл туралы CNN хабарлады.

Телеарна мәліметінше, Изади Иран ислам революциясы сақшылары корпусының «Құдс» жасағында қызмет атқарған, Палестинадағы бөлімді басқарған.

Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) сенбі, 21 маусымда таратқан мәлімдемесінде әуе күштерінің соққысынан дала командирінің көзі жойылғаны айтылды.

«Изади сақшылар корпусының жоғарғы қолбасшылығы, Иран жүйесі мен ХАМАС терроршыл ұйымының басты адамдары арасын әскери үйлестіруге жауап берді», — деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

АҚШ Изадиді санкция тізіміне қосаны мәлім. Ұлыбритания үкіметінің дерегінше, ол «Құдстың» Палестинадағы бөлімін басқарған.

Сенбі күні Иран мемлекеттік ақпарат құралдары Құм саласындағы тұрғын үйге жасалған шабуылдан екі адам қаза тауып, төрт адам жараланғанын хабарлаған.

Reuters мәліметінше, Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац дала командирінің көзін жоюды «барлау қызметі мен әскери әуе күштерінің ірі жетістігі» деп атаған. Министрдің айтуынша, Изади 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС күштері Израильге шабуылдағанда Палестина әскери тобына қаржы мен қару берген.

«Израильдің қолы ұзын. Ол жаудың бәрін іздеп табады», — деп мәлімдеген Кац.

Иран мен Израиль қарулы жанжалы

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» сол үшін Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады. 18 маусымда Иран билігі қауіпсіздік мақсатында елде интернетті уақытша сөндірді. Миллиондаған халық содан бері сыртқы әлеммен байланыса алмай отыр.

Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғады. Хаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді. Құрама Штаттар президенті Иранға ойлануға екі апта уақыт берді.

Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды. Себебі ол тау ішінде, жер астында орналасқан. Вашингтонның басты нысаны – Фордо.

13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз