Алматы тауларындағы мұздақ көлдер қаншалықты қауіпті

Алатаудың Алматы қаласына жақын орналасқан сілемдерінде 51 мұздақ көл бар. Оның 14-і бұзылу қаупі жоғары, алтауы аса жоғары қауіп төндіретін нысан қатарына жатады. Көлдер халық тығыз қоныстанған аймақтар арқылы ағатын өзендердің бастауында орналасқан.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Алатаудағы мұздақ көлдердің жай-күйімен танысты. Ол селден қорғау инфрақұрылымының жағдайын тікұшақпен шолу арқылы тексерді. Бұл туралы Kursiv.Media-ға қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мегаполис басшысы бастаған топ «Медеу», «Үлкен Алматы», «Қарғалы» су бөгеттері мен Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде орналасқан №6, 8, 9, 10 және 13-Бис мұздақ көлдері секілді негізгі селден қорғау нысандарын көрді.
«Қазселденқорғау» мекемесінің өкілі Самат Дәуленқановтың айтуынша, қауіпті нысандарда су деңгейін төмендету, сифон желілерін іске қосу және эвакуациялық арналарды тазалау секілді алдын алу шаралары жоспарланған. Қазір 31 автоматты станция, 23 бақылау бекеті мен сегіз маусымдық нүкте жұмыс істеп тұр. Арнайы техникамен жабдықталған жедел іс-қимыл тобы құрылып, кезекшілік ұйымдастырылған.

Қала басшылары гидротехникалық құрылыстар – бөгеттер мен селден қорғау бөгеттерінің техникалық жағдайына ерекше назар аударды. Кейбір нысандарға жөндеу немесе қайта құру шешімін қабылдау үшін дұрыстап тексеру қажет екені анықталды. Сонымен бірге таулы бөлімшелерді арнайы техникамен, құрал-жабдықтармен және метеоқұралдармен қосымша жабдықтау қажет.
Дархан Сатыбалдының сапары Алматы тау кластерінің орталық аймағында аяқталды. Мұнда «Chimbulak Development» директоры Ринат Әбдірахманов арқан жолдар желісін кеңейту, трассалар мен инфрақұрылымды дамыту жоспарын таныстырды.
2028 жылға қарай кластерлік аймақтың өткізу қабілеті күніне 6 мыңнан 34 мың адамға дейін артпақ. Жоба жеке инвесторлар мен халықаралық серіктестердің қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Қала басшысы туризмді дамыту барысында табиғи қауіп-қатерлерден азаматтарды қорғау шараларын ұмытпауды ескертті.



