Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 51 іс қозғалды – видео

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 51 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.
Алматыда күзет қызметі түрінде әрекет етіп, бұзақылық, бопсалау және қару сақтау сияқты заңсыз әрекеттермен айналысқан қылмыстық топ анықталды. Қазір ҰҚТ мүшелеріне қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар 2025 жылдың қаңтарында анықталған.
«Сонымен қатар трансұлттық сипаттағы 7 ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша және бір қылмыстық қауымдастық құру фактісі бойынша іс тергеліп жатыр», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ трансұлттық қылмыстық қауымдастық құру және оған басшылық ету фактісі бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған істер бойынша қылмыстық қудалау аясында тек ел ішінде ғана емес, шетелде де ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдар бар.
Жалпы 150-ден астам адам жауапкершілікке тартылып жатыр.
«Кейінгі 2 жыл ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және оларға қатысу фактілері бойынша қозғалған 90-нан астам қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілді. 13 ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша сот шешімдері шығарылды. Аталған істер бойынша 130-дан астам адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», – делінген ақпаратта.
Соның ішінде «Qarmet» АҚ нысандарынан ұрлық жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты көп эпизодты қылмыстық іс бойынша 24 адам әртүрлі мерзімге сотталды, оның ішінде топ басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды.