Түрік инвесторлары Алматыда 44 млрд теңгеге пластик өңдейтін зауыт салады

Алматыда пластик қалдықтарын қайта өңдейтін және ПЭТ-преформа (пластикалық бөтелкелер мен басқа да ыдыстар жасауға арналған дайындама) өндіретін зауыт салынбақшы. Бұл жайлы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түркияның Köksan Holding компаниясының бас директоры Мұрат Кёкоглумен кездесуінен белгілі болды.
Жаңа кәсіпорын Алатау ауданында 15 гектар аумаққа орналасады. Жоба аясында 44 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Зауытта 138 адам жұмыс істемек. Кәсіпорын жылына 80 мың тоннаға дейін ПЭТ-преформа мен 24 мың тоннаға дейін қайта өңделген пластик өндіреді деген жоспар бар.
«Бұл жоба біздің тұрақты даму стратегиямызға сай келеді және қалдықтарды қайта өңдеу экожүйесінің маңызды бөлігіне айналмақ», – деді Алматы қаласының әкімі.
Кездесу қорытындысы бойынша, жобаны жүзеге асыруға жауапты қалалық басқармаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Köksan Pet Packaging Industry Co. компаниясы 1968 жылы құрылған. Бүгінде бұл холдинг Түркия мен Еуропадағы қаптама өнімдерін шығаратын ірі өндірушілердің бірі саналады. Оның өнімдері Coca-Cola, Pepsi, Danone, Nestlé сынды әлемдік брендтерге жеткізіліп, 100-ден астам елге экспортталады.
Қалдықтарды қайта өңдеу Алматы басшылығы үшін маңызды мәселенің бірі. Осыған дейін қытайлық инвесторлар да қалада қоқыс өңдейтін компания салмақшы деп хабарланған еді. hanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниясы бұл жобаға 270 млн доллар инвестиция салмақшы. Кәсіпорын қоқыс өңдеп қана қоймай, қалдықтарды электр энергиясына айналдырады.