Tesla робот-таксилері Техас тұрғындарына қызмет көрсетіп жүр

Tesla компаниясының робот-таксилері Техас штатының Остин қаласында тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Ақылды көлік қызметін пайдаланған ықпалды адамдар видео жариялап жатыр деп жазды Reuters.
Әлемнің ең бай адамы Илон Маск өзіне тиесілі компанияның робот-такси шығаруын «ондаған жылға созылған табанды жұмыстың жемісі» деп атады.
Tesla робот-таксилері жексенбі, 22 маусымда Остин қаласының көшелеріне шыға бастады. Robotaxi деген жазуы бар, бірақ ішінде жүргізушісі жоқ автокөліктер қала тұрғындарының назарына бірден ілікті.

Автокомпания әзірге сынақ ретінде он робот-такси шығарған. Жүргізуші отыратын орында адам жоқ, бірақ жолаушы орнында бір адам отыр. Ол «қауіпсіздікті бақылаушы» қызметін атқарады. Мұндай қызметкердің көлікті қаншалықты бақылайтыны әзірге белгісіз.
Масктің айтуынша, осындай такси қызметінің құны – 4,20 доллар.
Tesla инвесторы Сойер Мерритт робот-такси шақыртып, Остин қаласын қалай аралағаны туралы видеоны X әлеуметтік желісіне жариялады.
Маск бір ғана Остин қаласына 1 мың робот-такси шығаруды жоспарлап отыр. Сарапшылар шамамен он жылдан кейін бүкіл әлемде робот-таксимен қатынайтын заман туады деп болжайды. Қазірдің өзінде осы нарыққа бірнеше автогигант таласып жатыр.