Иранның ядролық нысандарынан радиация тарау қаупі бар ма – маман жауабы

Иранның соққыға ұшыраған ядролық нысандарынан радиация тарау қаупі кейбір қазақстандықтарды алаңдатып отырған жайы бар.
Ал Ядролық физика институтының Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Бөрбеков «Қазақстанға ешқандай қатер жоқ» деп сабырға шақырып отыр.
«АҚШ Иранның АЭС-терін емес, уран байытатын ядролық нысандарына соққы берді. Ешқандай радиация тарау қаупі жоқ. Зауыттары ғана бүлінді. Егер аймаққа радиация тарау қаупі болса, МАГАТЭ және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдар бұған жол бермеуші еді. АҚШ президентінің өзі соққы жасауға пәрмен бермес еді», – дейді Дарын Бөрбеков.
Айта кететін жайт, Иранның үш ядролық нысанына, атап айтқанда, Фордоға шабуыл жасалды. МАГАТЭ әуе соққысынан радиация деңгейі артпағанын мәлімдеді.
Алайда, аталған халықаралық ұйым жағдайды әрмен қарай бақылап, жаңа ақпараттар түссе, хабарлауға уәде беріп отыр.