Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы елге 1,2 млрд еуро инвестиция тартылған

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ)Қазақстанның инвестициялық ахуалды жақсартудағы рөлін жоғары бағалайды. Соның дәлелі ретінде 2024 жылы тартылған инвестицияны атап өтуге болады. Бұл жылы банк Қазақстанға 930 млн еуро инвестициялап, қосымша 300 млн еуро тартуға жәрдемдескен. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандағы инвести ахуал қандай?
ЕҚДБ Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзхан банктің елдегі құрылымдық реформаларды, оның ішінде банк секторы мен «жасыл» экономиканы дамытуға, Ұлттық инфрақұрылым жоспарын жүзеге асыруға қолдау көрсететінін атап өтті.
«Жалпы, Қазақстандағы реформалар барысына келетін болсақ, біз оң динамиканы байқап отырмыз. Әртүрлі салада жақсы динамика байқалады. Соның ішінде инфрақұрылым саласындағы өзгеріс анық көрініп отыр. Осыған байланысты Ұлттық инфрақұрылым жоспары өте маңызды және үлкен маңызға ие. Сондай-ақ банк заңнамасы қайта қаралуда. Инвестицияларды тартатын және елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін басқа салаларда реформалар жүзеге асырылуда. «Жасыл» күн тәртібінен өтіп жатқан немесе оған қатысты реформаларды атап өту өте маңызды, мұндай реформаның қарқыны үнемі жеделдеуде», -деді Өзхан.
Елде қандай инвест жобалар жүзеге асырылған?
Банк өкілінің айтуынша, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басты бағыттарының бірі — мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) дамыту. Бұл модель инфрақұрылымдық жобаларды ұзақмерзімді және тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етіп, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Үкімет мәліметінше, 2024 жылы банк Қазақстан экономикасына 930 млн еуро тікелей инвестиция салып, қосымша 300 млн еуро тартуға жәрдемдескен. Осылайша, ел экономикасына құйылған қаражат көлемі 1,2 млрд куродан асқан.
Қаражат мынадай салаларға жұмсалған:
- инфрақұрылым,
- энергетика,
- шағын және орта бизнес,
- әйелдер кәсіпкерлігі,
- «жасыл» экономика және шикізат салалары.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың басында Сенат Еуропа қайта құру және даму банкі мен Қазақстан арасындағы келісімге өзгеріс енгізіп, банктің географиялық аумағын Ирак және Африканың оңтүстігінде орналасқан елдеріне дейін кеңейту туралы түзетулерді қабылдаған болатын.
Ал көктемде Самарқанда өткен саммитте Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткізіп, банктің Қазақстандағы бірқатар жобаларға 2 млрд еуро инвестиция құюға ниетті екенін жекізді.